Ел чемпионы «Сарыарқа» ұлттық құраманың кеңейтілген құрамасына төрт хоккейшісін қосты.
Денис Каратаев бастапқыда бұл тізімде болған жоқ. Алайда Нұр-Сұлтандағы жиындар барысында Никита Бояркиннің алдағы ӘЧ-де ойнамайтыны белгілі болды. Сондықтан құрама сапына Каратаев шақырылды. Өткен Қазақстан чемпионатында Денис «Сарыарқа» үшін 12 матч ойнап, олардың 9-ында жеңіске жетті, 3 рет қақпасына шайба жуытпады. Орта есеппен ол 1,42 шайба өткізіп, соққылардың 92%-ына тойтарыс берді.
Эмиль Нургалиев бұған дейін ұлттық команда қатарына шақырылды. Ол нәтижелі ойынымен аса ерекшеленбейді, алайда өзінің қорғаушы ретіндегі тікелей міндеттерін адал атқарады. Негізгі құрамға өту қиын болмақ, алайда Эмильдің соңғы уақытта ұдайы бабында жүруі оның пайдасына жарауы мүмкін.
Саян Данияр «Сарыарқаға» өткеннен кейін өзінің ойын стилін өзгертіп, команда үшін бұрынғыдан да пайдалы бола түсті. Нәтижелілік кеміген жоқ, оның үстіне қара жұмыстың ауқымды көлемін орындап, барлық шешуші шайба тастамдарға шыға бастады. Дәл қазір орталық шабуылшының бабында екенін ұмытпау керек, бірнеше күн бұрын ол клубтық деңгейдегі өзінің алғашқы жүлдесін иеленді.
Михаил Рахмановтың Қарағандыда екінші тынысы ашылды. Өткен чемпионат форвардтың мансабындағы нәтижелілік тұрғысынан ең үздік кезең болды (78 балл, олардың 21-і плей-оффтың еншісінде). Спортшының өзі «Сарыарқа» ұйымдастырған артық құрамдағы арнайы бригадалардың бел ортасынан табылып, екінші жыл қатарынан өз командасына «алтын» алуға көмектесіп келеді. Маусымның үздік шабуылшысы атануы Рахмановтың құраманың негізгі құрамына енуінде ұпайын өсірері сөзсіз.