Назарларыңызға желтоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионатының үздік ойыншыларының тізімін ұсынамыз.
Үздік қақпашы – Илья Румянцев («Арлан»)
Маусымда осымен екінші рет Илья Румянцев айдың үздік голкипері атанып отыр. «Арланның» қақпашысы кезекті рет тамаша деңгей көрсетіп, желтоқсанда 8 кездесудің 7-еуін жеңді. Сегіз жекпе-жек барысында ол алаңда 430 минут өткізіп, осы уақытта небәрі 10 шайба (СК – 1,4) өткізді. Тойтарылған соққылар пайызы – 95,78. Бір рет Илья алаңнан құрғақ жеңіспен кетті.
Үздік қорғаушы – Роман Таталин («Торпедо»)
Роман да номинанттар тізіміне тұрақты чемпионатта екінші рет еніп отыр. «Торпедоның» қорғаушысы 8 матч бойы (+4) пайдалылық көрсеткішімен нәтижелілік үшін 11 (2+9) балл жинады. Бұл ретте Таталин желтоқсанда мұз айдынынан бір рет қана нәтижелі іс-қимылсыз қайтты.
Үздік шабуылшы – Владислав Кулиев («Сарыарқа»)
Қарағандылықтардың форварды әр ойын үшін орта есеппен 2,3 балл жинап, айды тамаша өткізді. Ол 5 шайба салып, 18 нәтижелі пас берді. Көбіне көп оның диспетчерлік шеберлігінің арқасында «Сарыарқа» желтоқсанда кездесулердің 80%-інде жеңіске жетті. Төрт рет шабуылшы бір ойын барысында 3 және одан жоғары ұпай жинады. Кулиевтің өзі дәл қазір Лиганың үздік ассистенті.
Үздік жас ойыншы – Жәкен Ибрагимов («Сарыарқа»)
Қарағандылықтардың жас голкипері желтоқсанда өзі қатысқан 5 матчтың барлығында жеңіске жетті. Жәкен 275 минуттан астам уақыт бойы ойнап, 105 соққыға тойтарыс берді. Ибрагимовтің қоржынында бір «құрғақ» жеңіс бар.