Маусымға бет алдық. Горняк

7 qyrkúıek
1856

ҚХФ баспасөз қызметі PRO HOKEI LIGASY-ның алдағы маусымының қатысушыларымен таныстыруды жалғастырады. Бүгін лигамыздың ең ерекше командасы – Рудныйдың «Горнягы» туралы сөз болмақ. Ұлттық турнирлердің тұрақты қатысушысы кезінде Қазақстан чемпионатының қола медальдарын жеңіп, Кубок иегері болды.

Өткен маусым

Алайда соңғы екі жылда рудныйлық ұжымның асығы алшысынан түспеді. Өткен маусымда «кеншілер» 1/8 ойындары үшін ұзақ уақыт күресті. Алайда өзімен теңдес қарсыластармен кездесуде ұпай жоғалтуы және маусым соңында күтпеген жерден «Астанаға» есе жіберуі рудныйлықтарға тоғызыншы орыннан жоғарырақ көтерілуге мүмкіндік бермеді. Сегізінші орыннан бар болғаны 7 балмен артта қалды. Сондай-ақ команда тұрақты чемпионатта салынған шайбалар саны бойынша барлық қатысушылар арасында соңғылардың бірі болды.

Басбапкер

Маусым айының басында клуб бас бапкер ретінде Сергей Невструевтің тағайындалғанын мәлімдеді. Ол бұған дейін «Горнякта» 2010 мен 2014 жылдар аралығында жұмыс жасаған және жергілікті жанкүйерлермен жақсы таныс. Соңғы екі жылда Сергей Викторович «Ертістің» бапкерлер құрамында еңбек етті.

Ауысулар

Өткен маусымдағы команданың үздік бомбардирі Евгений Степановтың «Южный Уралға» кетуі өкінішті болды. Есесіне, рудныйлықтар Евгений Щанкин мен Оскар Юлбаристен айрылған жоқ, екі ойыншы да қысқа уақыт ішінде «Горняктың» үздіктеріне айналды. Тәжірибелі Алексей Коптяев те командада қалды. Жиындарға жастар командасының хоккейшілері Артём Скрынников, Денис Гафаров пен Артём Суворов та тартылды.

Ауысулардан Александр Куршуктың оралуын атап өтуге болады, ол алдағы маусымда «кеншілердің» қорғанысына тірек болуы тиіс. Ал команданың шабуыл шебі жастармен толықты. «Сахалинские акулы» командасынан Данил Москалёв, Виктор Башлаев пен Владимир Кротов келіп қосылды. Сонымен қатар «Горняктың» құрамы Денис Никулин және Алексей Бархаткинмен толықты.

Көшбасшы

Алдағы маусымда «Горняк» құрамында кез келген жас ойыншының бағы жануы әбден мүмкін. Алайда мұз айдынында да, оның сыртында да Александр Куршук көшбасшы болып қалуы керек. Басты міндет – команданың төселген ойыншылары мен өсіп келе жатқан жастарды бір мақсатқа біріктіру. Тәжірибелі қорғаушының ойын нәтижелерін де ұмытпау керек. Өткен маусымда «Ертіс» құрамында ол нәтижелілігі үшін 21 ұпай жинады. Салыстырар болсақ, «Горняктың» өткен жылғы құрамынан небәрі 4 ойыншы ғана тұрақты ойындардың қорытындысы бойынша көбірек ұпай жинай алды.

Не күтеміз

Соңғы бес жылдың үш маусымында рудныйлық ұжым тұрақты чемпионаттың нәтижесі бойынша үздік сегіз команданың қатарынан табылмады. Алайда әрбір маусымда намысты қолдан берді деп айтуға болмайды. Рудныйлықтар сүбелі ойындар қатарын көрсетуге қабілетті, оның үстіне «Горняктың» үйдегі сайыстары қызу өтеді. Дегенмен, әрине басты міндет – маусымға, және көптен күткен плей-оффқа өту. Алайда ол үшін білек сыбана кірісу қажет. Себебі Қазақстан чемпионатына қатысушылардың саны ғана емес, олардың деңгейі де біршама өсті.