Құрлықтық кубоктің екінші кезеңінің қорытындысы

16 qarasha
209

2026 жылғы Құрлықтық кубоктың аяқталған екінші кезеңінің статистикалық қорытындысын шығарамыз.

Қазақстанның қазіргі чемпионы, елордалық «Номад» негізгі уақытта үш жеңіске жетіп, D тобында бірінші орын алды. «Көшпенділерден» бөлек, турнирдің финалдық кезеңіне Данияның «Херлев Иглз» және Румынияның Брашов қаласынан келген «Корона» командалары жолдама алды.

С тобында барлық мүмкін ұпайды жинаған топ қожайыны, Францияның «Руан» командасы жеңімпаз атанды. Сондай-ақ турнирдің финалдық кезеңіне Польшаның «Катовице» және Ұлыбританияның «Белфаст» командалары қатысады.

«Номадтың» үздік бомбардирі Батырлан Мұратов (0+5) D тобындағы ең нәтижелі үш ойыншының қатарына енді. Ол Ник Порко (3+2) және Колби Макаулимен (2+3) бірге бомбардирлер көшін бастады.

Үш шайбадан соққан Абзал Әлібек пен Артём Королёв Ник Порко және Маттиас Асперуппен бірге Италияда өткен топтық кезеңнің үздік мергендері атанды.

«Номадтың» бірден бес ойыншысы Азиагода өткен турнирдің пайдалылық көрсеткіші бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Бұл рейтингте Руслан Түсіпбеков (+6) жеке-дара көш бастады.

Владислав Нурек топтың үздік қақпашысы атанды. Ол әр матчта орта есеппен 1,33 шайба жіберіп, қақпаға бағытталған соққылардың 95,56%-ын қайтарды.

Сонымен қатар «Номад» нәтижелілік (11 шайба) және соққыларды голға айналдыру көрсеткіші (11,83%) бойынша да көш бастады.

Елордалық команданың сан басымдығын пайдалану көрсеткіші 25%-ды құрады. Бұл – турнирдегі екінші нәтиже. Ал сан жағынан кем құрамдағы ойында Константин Пушкарёвтің шәкірттері небәрі төртінші орынға тұрақтады. Қарсыластың сан басымдығын бейтараптандыру көрсеткіші – 75%.

Құрлықтық кубоктің финалдық турнирі 2027 жылдың қаңтарында өтеді. Жарыстың өтетін орны мен матчтар кестесін Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы кейінірек анықтайды.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.