ҚХФ баспасөз қызметі PRO HOKEI LIGASY-ның алдағы маусымының қатысушыларымен таныстыруды жалғастырады. Кезек жеңіс тұғырынан жиі көрінетін ел клубтарының бірі, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы – атыраулық «Бейбарыс» командасына да келіп жетті.
Өткен маусым
Өткен маусымның тұрақты чемпионатын «Бейбарыс» өз өлшемі бойынша аса сәтті өткізбеді. Әрине, басқа біреу тұрақты чемпионаттың нәтижесі бойынша төртінші орынға да бөрікті аспанға атып, қуанар еді. Алайда әрбір маусым сайын ең биік межеге көз тігетін атыраулық ұжымның жөні бөлек.
Плей-оффтың бірінші раунды да айтарлықтай ауыр өтті. «Алтай Торпедодан» үш жеңіліс команданы ширек финалда-ақ қатардан қалдыра жаздады. Мұндай оқиға команда тарихында бір-ақ рет болған. Дегенмен, бесінші матчта «Бейбарыс» сериядағы шабысын үдетіп, нәтижесінде 3-2 есебімен тоқтады, ойын өскемендік ұжымның пайдасына шешілді.
Артём Аргоков клуб жүйесімен жақсы таныс
Бас бапкер
Шілде айының соңында клуб атыраулық хоккей жанкүйерлеріне жақсы таныс Артём Аргоковтың бас бапкер ретінде тағайындалғанын мәлімдеді. Қорғаушы ретінде Аргоков бірнеше маусым бойы «Бейбарыстың» намысын қорғаған. 2015 жылдан бастап, Артём Владимирович клуб жүйесінде жұмыс жасайды.
Ауысулар
Команда құрамы 80 пайызға жаңарды. Клубтан тәжірибелі ойыншылар Альберт Вишняков, Евгений Чемерилов, Денис Макаров, Вадим Митряков пен Дмитрий Степанов кетті. Қақпашы Артём Микушиннің де кетуін команда үшін үлкен шығын деп атауға болады. Бұл ойыншылар соңғы жылдарда нағыз көшбасшылар болды және команданың негізгі тірегіне айналған еді.
Илья Серёгин алаңдағы жойқын ойынымен ғана танымал емес
Атыраулық команданың «кірісіне» шабуылшы Илья Серёгин мен Владимир Бакиканың Қазақстанға оралуын жатқызуға болады. Ел батысында өз мансабын форвард Александр Воробьев жалғастырады. ЖХЛ командаларынан «Бейбарыс» сапына Денис Курепанов пен Денис Григоркевич өтті. Қорғаныс шебі сондай-ақ Алексей Ишмаметьев, Евгений Гевель және Евгений Болякин сияқты тәжірибелі ойыншылармен нығая түсті.
Көшбасшы
Евгений Дерябин «Бейбарыс» құрамында құрылған сәттен бастап ойнап келеді
Әзірге жаңадан келген ойыншылар арасынан жаңа маусымда көшбасшылықты кім қолына алатынын кесіп айту қиын. Себебі бұрын ойын өрнегін басқа жігіттер қалыптастырып отырды. Алайда командада атыраулық хоккейдің ардагерлері деп атауға болатын үш адам қалды. Олар – қорғаушылар Алексей Рыжих (басқа командаларда өткен үш маусымнан кейін оралды) пен Иван Степаненко, сондай-ақ шабуылшы Евгений Дерябин. Соңғысы клубта негізі қаланған сәттен бастап келе жатыр. Жаңа «Бейбарысты» құрудағы басты міндет те осы спортшыларға жүктеледі.
Не күтеміз
Әзірге «Бейбарыстың» шама-шарқын бапкерлерден басқа ешкім көрмеді. Команда бүгін ғана Ақтөбедегі алғашқы бақылау ойынын өткізеді. Осыдан кейін ғана қандай да бір қорытындылар жасауға болады. Атыраулықтар құрамы жаңарып қана қоймай, айтарлықтай жасарды. Бапкерлер штабы мен басшылық өз туының астында салмақты ойыншыларды жинады. Алайда өзара сіңісіп, оңтайлы үйлесімдер іздеуге дегенмен уақыт қажет. Әйтсе де, Кубокқа таласатын сегіздікке кіру сияқты ең төменгі межені «Бейбарыс» асқан бір қиындықсыз бағындыруы тиіс.