Евгений Штайгер: «Нәтиже ешқашан өздігімен келмейді»

22 sáýir
2664

«Ертістің» бас бапкері Евгений Штайгер клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында маусымды қорытындылады.

- Евгений Викторович, демалыста немен айналысып жатсыз?

- Биыл демалыс біз үшін ерте басталды. Әрине, кез келген кәсіпқой маусым бойы барынша ұзақ жұмыс жасағысы келеді. Жоспарда Мәскеуге жұмыс бабымен барып қайту бар. Таныс мамандар Ресей астанасында жаттығу лагерін өткізуде. Ойыншыларды барлаушылар қатарынанмын, бәлкім, қолдарында келісімшарттары жоқ дарынды жас хоккейшілерді тауып қалармын. Мүмкін «Ертіске» бір-екі өжет жігітті шақырудың орайы келер. Сонда бапкерлерге арналған семинар, тәлімгерлердің біліктілігін арттыру жиындары өтеді. Аталмыш шараға міндетті түрде қатысамын, ондай ортада болып, жаңа білім алу мен үшін өте қызық. Әрқайсысының әдістемелері мен тәсілдері әртүрлі, конспектілеймін. Мен қазір де түрлі чемпионаттардың матчтарын телевизия, желі арқылы қарап, шетелдік әріптестерімнің қызықты жұмыстарын жазып алып жүрмін. Бір сөзбен айтқанда, демалыста да өмір қайнап жатыр.

- Маусымды қорытындыласаңыз. Жанкүйерлерге дәл сіздің бағаңызды есту қызық.

- Команданың әлсіз ойнағанын барлығы көрді, сондай-ақ барлығы оның бірқатар нақты себептері барын да көрді. Олардың барлығы бізге ең төменгі нәтижеге қол жеткізуге, жақсы өнер көрсетуге мүмкіндік бермеді. Келесі маусымда олқылықтарды түзетуге тырысамыз, жазда еңбектену керек. Павлодарлық жігіттер үш маусымға да шыдайтындай олардың физикалық төзімділігін қатайту қажет. Лайықты ойын көрсету үшін жаттығу керек. «Вахталық әдіспен» жиналып, маусым ойнап, жан-жаққа тым-тырақай қашып, қайта жиналу жарамайды. Мақсатқа бағытталған жұмыс болуы тиіс. Іргетас маусымаралықта, жазда қаланады. Нәтиже ешқашан өздігімен келмейді, тек талмай еңбектенген минуттардан, сағаттар мен жылдардан кейін келеді.

- Жас павлодарлық хоккейшілерге қандай баға бересіз?

- Ашығын айтқанда, бізге чемпионаттағы кез келген басқа команданың негізін құрайтын сапалы ойыншылар жетіспеді. Егер бұл жігіттер жылдан жылға өсіп-жетілгенде болашаққа үмітпен қарауға болар еді. Оған қоса, жыл сайын мектептер бір-екі салмақты шәкірттерін беруі керек, оларды негізгі құрамға қосу қиындық туғызбайды. Барлығы тәжірибелі көшбасшыларсыз ештеңе өнбейтінін түсінеді. Олар аз болса да, болуы тиіс. Жастар мықтылардың матчтарға сапалы дайындығын, жаттығуларын, тұрмысын көруі тиіс. Мұны ойлап тапқан мен емес, бұл – хоккейдегі ақиқат.