Арлан Қазақстан чемпионатының финалына шықты

12 sáýir
1969

«Арлан» мен «Бейбарыс» арасындағы серияның шешуші жетінші текетіресінде көкшетаулық ұжым жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.

Атыраулықтар Артём Бурделёвтің күшімен кездесудің төртінші минутында есеп ашып, бұдан кейін біршама уақыт бойы кездесуді өз бақылауында ұстады. Алайда үзіліске дейін-ақ Данила Карабань есеп теңестірді, ал екінші кезеңнің басында Артём Лихотников алаң иелерін алға шығарды.

Қалған уақытта есеп кез келген жаққа қарай өзгеруі мүмкін еді, алайда қос команданың да қақпашылары дес бермеді. Нәтижесінде Лихотниковтің шайбасы мен Илья Румянцевтің тойтарыс берген 38 соққысы «көкшеліктерге» сериядағы төртінші жеңісті және Қазақстан чемпионатының финалына жолдама сыйлады.

Маусымның шешуші сериясындағы Сергей Бердников командасының қарсыласы елдің қазіргі чемпионы қарағандылық «Сарыарқа» болмақ.

«Арлан» - «Бейбарыс» 2:1 (1:1, 1:0, 0:0)

0:1 – 03:26 – Бурделёв (Иванов, Воробьев)

1:1 – 16:22 – Карабань (Граборенко, Лихотников)

2:1 – 21:05 – Лихотников (Меньщиков)

Қақпашылар: Румянцев – Хозяшев

Сериядағы есеп: «Арланның» пайдасына 4-3.