Михаил Шанцевой: «Жігіттер барын салды»

8 sáýir
1695

«Ақтөбенің» бас бапкері Михаил Шанцевой өз командасының аяқталған маусымдағы өнерін қорытындылады.

- Михаил Геннадьевич, маусым қызыл-ақтар үшін аяқталды. Сіздіңше, не қолдан келді, не келмеді?

- Финалға дейін жеткен Қазақстан Кубогінен бастап, маусым жаман болған жоқ деп санаймын. «Ересектер» командасының небәрі үшінші маусым жұмыс жасап келе жатқанын ескерсек, бұл – ақтөбелік хоккей үшін тарихи жайт. Маусым бойы команда бірқалыпты ойнады деуге болады. Негізгі міндет плей-оффқа кіру болды. Тұрақты чемпионат бойы біз бірінші сегіздікте келе жаттық. Плей-оффқа қатысты айтсақ, біз өте жылдам, шебер команда – «Бейбарысқа» қарсы шықтық. Дегенмен «тісімізді батыра» білдік, лайықты ойын көрсеттік. Мұны серияда бақандай үш овертаймның болғаны көрсетеді. Кез келген сәтте серияны «төңкеруімізге» болар еді. Алайда кей жерде сәттілік, кей жерде шеберлік жетпеген шығар, себебі ойын барысын өзгертуге болатын, қорытынды кезеңдердің соңында артық құрам ұйымдастыратын сәттер болды. Қайткенде де жігіттер жүз пайыз аянып қалмады, барын салды.

- Матчтардың ішінде қайсысы көбірек есте қалды?

- Көптеген матчтар есте қалды. Тұрақты маусымның екінші жартысының басында үлкен кідірістен кейін «Торпедоға», «Арланға» қарсы бірқатар үй матчтарын өткіздік. Олардың үшеуінде буллиттер болып, олар, өкінішке орай, біздің пайдамызға шешілмеді. Алайда көшбасшыларға қарсы лайықты ойнадық деп есептеймін. Ал одан кейін жеңістер легі болды. Өз орнымызда нық тұруымызды талап еткен бетбұрыс сәті болды. Эмоция, өзімізге сенім тұрғысынан «Арланға» қарсы ойындағы жеңіс көбіне көп осыған ықпал еткен сияқты. Тұрақты чемпионаттың турнир кестесіндегі қорытынды алтыншы орнымызды сақтап қалуға да осы мүмкіндік берді.

- Жаңа маусымға дайындық бойынша жұмыс басталды ма?

- Әрине. Шын мәнінде жаңа маусымға дайындық биылғы маусым аяқталмай тұрып басталып кетті. Плей-оффтың соңғы матчы аяқталғаннан кейін ойыншылармен сөйлестік, жұмыстары үшін алғыс айттық. Бізде осы маусымда, тіпті екі маусым бойы ойнаған команданың сүбелі бөлігін қалдыру жоспарда бар, олар ойыннан ойынға жетіліп келеді. Болашақтағы құрамға қатысты команданы жасарту, ойын мен жеңіске жетуге құлшынып тұрған, өжет жігіттерді жинаймыз.

- Жаңа маусымда трибунадан көбірек жанкүйер күтесіз бе?

- Әрине, күтеміз. Өз атымнан және команда атынан үйдегі матчтарға келіп, теңдессіз қолдау көрсеткен баршаға алғыс айтқым келеді. Тіпті түздегі матчтарда да жанкүйерсіз қалмаған кездер болды. Бұл – баға жетпес сый. Келесі маусымда трибунада жанкүйерлер бұдан да көп болады деп үміттенемін. Жанкүйерлеріміз – біздің алаңдағы алтыншы ойыншымыз. Ал біз өз кезегімізде оларды әдемі ойынымызбен және жеңістерімізбен қуантуға тырысамыз.