«Алматының» бас бапкері Олег Шулаев аяқталған маусымға қатысты пікір білдірді.
– Өткен маусымға қатысты қандай пікір айтасыз? Плей-оффқа шығу үшін не жетіспеді?
– Команданы мен қыркүйектің соңында қабылдадым. Сол сәтте команданың дайындығы орташа деңгейде болды, жазғы оқу-жаттығу жиындарының болмауына байланысты команда белгілі бір физикалық, техникалық және командалық потенциал жинай алмады. Барлығын чемпионат барысында түзетуге тура келді. Қаржыландыруға байланысты себептермен біз бірқатар ойыншылардан бас тартуға мәжбүр болдық, бірқатарын басқа командаларға жалға бердік. Жаңа жылдан кейінгі ойындар жас хоккейшілерге баса мән беру керектігін көрсетті. Меніңше, бізде жақсы, болашағы зор жігіттер бар. Соларды өз қатарымызға қосамыз. Алдағы маусымға қарсы біз ОЖЖ өткізіп, жас, ынталы команда жасақтаймыз. Қызықты, әлдеқайда заманауи, шабуылдаушы хоккей көрсетеміз.
– Биыл негізінен жергілікті жастарға баса назар аударылып, легионерлер саны аз болды. Келесі маусымда да осы тактиканы ұстанасыздар ма?
– Міндетті түрде! Алматылық хоккейге жанып тұрған жастар керек. Қазір біз түрлі командаларға тарап кеткен, 2007-2008 жылы туылған алматылық хоккейшілерді жинап жатырмыз. Олар алдымен жастар командасына, кейін ересектер командасына түсе алады. Негізгі командаға біз жастардан алты ойыншыны көтереміз. Осылайша, негізгі командаға да, жастар командасына да үздік ойыншыларды іріктейтін белгілі бір конвейер жасалады. Ал легионерлерге қатысты олардың саны минимумға жеткізіледі. Әзірге Вячеслав Ипатовтың алдағы маусымда командамызға оралатынын нақты айта аламыз.
– Клубпен 2022/2023 маусымға келісімшартын создырған ойыншылар туралы ақпарат шығып үлгерді ме?
– Әзірге нақты ақпарат жоқ, алайда жастар командасынан Игорь Ищенко, Станислав Филиппенко, Владислав Сайко, Евгений Фокин, Максим Бауэр мен Актан Бахитжанов ауыстырылады. Үшеуі жасына байланысты жастар лигасынан шығарылады және біз оларды біржақты келісімшартпен негізгі командаға аламыз, қалғандары екіжақты келісіммен ойнайды.
– Алдағы маусымда команда құрамынан кімдерді көргіңіз келеді?
– Кәсіби деңгейде хоккей ойнағысы келетін жас, амбициялы, өжет ойыншыларды көргім келеді!