Георгий Верещагин: «Плей-оффта жалғыз шеберлік аздық етеді»

31 naýryz
1903

«Торпедоның» бас бапкері Георгий Верещагин команданың 2021/2022 маусымындағы өнеріне баға берді.

- Георгий Нодариевич, елордалық «Номадқа» қарсы ширекфиналдық серияда қандай факторлар шешуші болды?

- Басты фактор – әрбіріміздің жай ғана ойнау емес, «күресуге» деген ұмтылысымыз. Себебі плей-офф матчтарында жанқиярлық пен барыңды салу бірінші орынға шығады. Мұнда жалғыз шеберлік аздық етеді. Мұзайдынға шығып, тек шеберлік арқасында ғана жеңу мүмкін емес. Барыңды салуың қажет. Бұл компонентте «Номад» басым түсті. Сериядағы үшінші ойын ағысты бұрды. Ақталғымыз келмейді. Біз командамыздың әрбір хоккейшісімен, әрбір топпен сөйлестік. Алайда біз гол өткізіп, есеп бойынша шегіне бастасақ, түйткілдерге тап болып отырдық. Маусымның басым бөлігі осылай болды.

- Серияның бесінші матчында ойынның тең құрамда өтпеуі шешуші фактор болды. Неліктен бұлай болды?

- Бұл жоғарыда аталған фактордың салдары: шайбаны бар кеудесімен ұстауға, қарсыластың соқққыларын жібермеуге деген ұмтылыс. «Номадта» соққыларды екі ойыншыдан бұғаттап отырды, тіпті шайбаның астына түсті, шабуылдан қорғанысқа жылдамырақ оралып отырды. Шайба олардың соққыларынан кейін көк сызықтан біздің қақпаға жетіп үлгеріп жатты. Плей-оффта бірінші кезекке көшбасшылары бар команда шығады.

- Жас жергілікті шәкірттердің ойынына қандай баға бересіз?

- Маусымның соңына қарай жарақатына байланысты Ян Тютюньковтың шығып қалғаны өкінішті. Оның потенциалы жақсы, тек спорттық өжеттік пен жойқын жылдамдық қосу керек. Жас қорғаушы Иван Гавриленко ұнады, сенімді ойнайды және ойын өрнегін пайымдай біледі. Өзінің мінезімен және табандылығымен Тигран Кизекпаев көзге түседі. Жарақатына байланысты Арсений Астафьев «Торпедо» үшін ойнай алмады, біз оны жаңа жылдан кейін тартамыз деп жоспарлаған болатынбыз, кейін ол жастар командасы үшін ойнады. Антон Осокинге ересек командалар арасында көбірек ойнау қажет, «Алтай Торпедо» бір маусым ойнап, қатая түсуі мүмкін. Жастардың әрі қарай өсуге ұмтылыстары бар, олармен жұмыс жасау қажет. Хоккейге дұрыс әрі кәсіби тұрғыдан қараған жағдайда олар дамып, ойнайтын болады.

- Сіз команданы қазанның басында қабылдадыңыз. Қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

- Командаға айтарлықтай ересек әрі тіс қаққан ойыншылар жиналған, тек әрбір хоккейшінің тілін табу керек. Әрине, команданы маусымаралықта, команда жасақтап жатқанда қабылдаған жақсы, белгілі бір ойын үлгісіне баулисың. Биылғы маусымда біз бір ойынды қатырсақ, бірінде сүрініп жүрдік. Бүкіл маусымды осылай өткіздік.