Евгений Фадеев: «Біз қолымыздан келгеннің барлығын жасадық»

29 naýryz
2182

«Алтай Торпедоның» бас бапкері Евгений Фадеев команданың маусымдағы өнеріне баға берді.

2021/2022 маусымында «Алтай Торпедо» тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша сегізінші орын алып, Pro Ligasy плей-оффына шықты. Қазанның басында команданың жетекшілігін жас жергілікті бапкер Евгений Фадеев өз қолына алды.

- Сіз «Алтай Торпедоның» жетекшілігіне 7 қазан күні келдіңіз. Алдыңызға қандай міндеттер қойылды?

- Фарм-клубтың мақсаты – негізгі командаға жастарды дайындау және плей-оффқа кіру.

- Жаттығу процесі өзгерді ме және маусым қызған шақта ойынды жолға қою қаншалықты қиын болды?

- Белгілі бір қиындықтар болды, талаптарды барлығы бірдей түсінбеді. Біз жігіттерге жаттығу процесі «Торпедодағыдай» болатынын айттық, себеі біз олардың кейін фармнан негізгі командаға өтетінін білдік. Оларда тактикалық нюанстар мен жаттығуларды қабылдауда қиындықтар туындамауы үшін «Торпедодағыдай» жүйемен жұмыс жасадық.

- Желтоқсан айында үйдегі сегіз матчта алты рет жеңіске жеттіңіздер. Команда сол кезеңде өзінің шыңына шықты ма?

- Желтоқсан айы олжалы болды: біз плей-оффтағы орынға таласатын тікелей бәсекелестермен матчтарда ұпай жинадық. «Торпедодан» ротациялау нәтижесінде біздің команда үшін Антон Петров, Эдуард Рейзвих, Степан Александров ойнады. Олар бізге көмектесті, қалыпқа келді де, кейін «Торпедоға» оралды.

- Тұрақты чемпионаттың соңында қысқартылған құрамда ойнадыңыздар. Тіпті маусыммен ойша қоштасып үлгерген боларсыздар, алайда «Ақтөбе» плей-оффқа жолдаманы «сыйлады» деуге болады. Плей-офф матчтарында қалай бойды жылдам жинап алдыңыздар?

- Маусым барысында командаға барлық матчтарды соңына дейін ойнау қажет деп айттым. Кейін плей-оффқа кіру керек кезде бір немесе екі ұпай жетіспейтін жайт болуы мүмкін. Кейбір ойындарда біз өзіміз ұпай жоғалттық, алайда біздің команда плей-оффтан лайықты орын алды. Иә, бізге құрамның тәжірибелілігі жетіспеді, алайда жігіттер соңына дейін беріспеді. «Торпедомен» матчтардан кейін біз босаңсыған жоқпыз, жаттығуды жалғастыра бердік. Біз бірден плей-оффтың басқа хоккей екенін ескерттік, сондықтан салмақты ойынға дайындадық. Көпшілік үшін бұл плей-оффтағы алғашқы тәжірибе болды, оның үстіне мұндай атақты қарсыласқа қарсы ойнады. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды дей аламын. Барлығы тырысты, тіпті «Сарыарқаға» жылдамдық жағынан есе жібергенімен, тартыс, ұмтылыс жағынан жеңілгеніміз жоқ. Мұзда кімге қарсы ойнайтының маңызды емес. Барыңды салуың керек.

- Маусымның қорытындысы бойынша командаға қандай баға бере аласыз?

- Біз қолымыздан келгеннің барлығын жасадық, плей-оффқа кірдік. Жігіттерге ешқандай өкпе жоқ. Біз, бапкерлер, барлығына бірдей талап қойдық. Қандай да бір шкала бойынша баға бере алмаймын. Қазір жаттығу процесі жалғасуда. Сырғанау, соққы беру, пас беру сияқты техникалық элементтермен жұмыс жасап жатырмыз. Жігіттердің барлығы дәл нені қолға алу керек екендерін түсінеді. Сондықтан машықтарымызды шыңдауға тырысамыз.