Анатолий Васильев: «Мұзға атып шығып, жігіттерге көмектескім кеп кетті»

27 naýryz
2614

Чемпионаттың қорытынды кезеңін «Құлагер» бас бапкердің міндеттерін атқарушы Анатолий Васильевтің жетекшілігімен өткізді. Маман маусымды қорытындылап, чемпионаттың ең айшықты ойынын атап өтті.

- Анатолий Евгеньевич, бапкер ретіндегі бірінші маусымыңызға қатысты пікір білдірсеңіз.

- Маусым қызықты өтті. Мен маусымды ойыншы ретінде бастадым, алайда чемпионаттың басталуына бір апта қалғанда бапкер болу жөнінде ұсыныс түсті. Отбасыммен ақылдасып, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға бел будым. Мұны мансабымдағы жаңа кезең ретінде қабылдадым, себебі хоккейші болу мен бапкер болу – екі бөлек нәрсе.

- Команданың биылғы маусымдағы ойынына қандай баға бересіз?

- Жалпы алғанда, команда жақсы ойнады. Тұрақты чемпионатты жаман өткізген жоқпыз. Бірде шарықтау да, құлдырау да, сәтсіз ойындар да болды. Жігіттер бұл маусымда лайықты ойын көрсетті.Тек «Арланмен» серияда ілініп кете алмады. Мықты қарсыласпен лайықты матчтар өткізіп, жігіттер барын салды.

- Қалай ойлайсыз, плей-оффтың ¼ финалы бүгінде Құлагер үшін жақсы нәтиже ме?

- Біз маусым барысында бұдан да көбірекке қол жеткізуімізге болар еді, алайда өкінішке орай, олай болмай қалды.

- Тұрақты чемпионаттың қай матчы Сіздің жадыңызда сақталып қалды?

- Біз «Торпедоны» 1:0 есебімен жеңген Өскемендегі матч есте қалды.

- Мұз үстіне ойыншы ретінде оралу туралы ойладыңыз ба?

- «Арланмен» соңғы ойында мұзға атып шығып, жігіттерге көмектескім кеп кетті (күледі). Ал былай олай ойламауға тырысамын. Бар назарым толықтай бапкерлік жұмыста.