Сергей Невструев: «Бізге өжет, «аш қасқырдай» хоккейшілер қажет»

26 naýryz
2134

«Горняктың» бас бапкері Сергей Невструев өткен маусымды қорытындылады. Рудныйлықтар төртінші жыл қатарынан плей-оффқа өте алмай келеді, алайда команда тәлімгері дегенмен өз ойыншыларының жұмысынан нәтиже көре білді.

- Сегіздікке кіру деген негізгі міндет, өкінішке орай, орындалмады, - деді Сергей Невструев қорытынды баспасөз конференциясында. – Аз ғана жетіспеді, небәрі екі-үш жеңіс, нақтырақ айтсақ, төрт-бес гол жетіспеді. Біз көп ойында бір ғана шайба артта қалдық. Көбіне-көп тәжірибе, шеберлік, салқынқандылық жетіспеді. Бізде, әсіресе, шабуылда көбіне жастар ойнайды. Жігіттердің көпшілігі бұл Лигада алғаш рет ойнап жатыр, жігіттерге кімге қарсы шығып жатқанын, қаншалықты барын салу керектіктерін түсіну үшін уақыт қажет. Алайда жалпы алғанда маусым команда үшін жаман болған жоқ: барын салды, ойын өрнегі тұрғысынан, барлық командаларға соққы бердік. Тек «Сарыарқадан» биылғы маусымда бірде-бір ұпай ала алмадық. Қалғандарымен қатарлас жүрдік, таза ойнадық. Өткен маусыммен салыстырғанда барлық компоненттер бойынша ілгерілеу бары айқын. Демек, біз дұрыс жолда келе жатырмыз.

- Ойыншылардың келісімшарттары туралы не белгілі? Ешкім мансабын аяқтағалы жатқан жоқ па?

- Жоқ, қазіргі ойыншылар арасында ондай жоқ. Иә, көпшілігінің келісімшарттары аяқталды, қалдырғымыз келетіндермен келіссөздер жүргіземіз. Кейбірімен қош айтыстық, бұл енді жұмыс барысы. Бүгінде командада жарақат алған ойыншылар көп екенін енді ашық айта аламын. Маусымды уколмен, ауырсынуға қарамастан ойнап аяқтадық, бұл біздің спортқа тән дүние, бұған барлығымыз да дайын болдық. Жарақат, шаршаңқылық көбейді.

- Ал Сіз өз басыңыз «Горнякта» қаласыз ба?

- Иә. Мен де, тұтас бапкерлер штабы да қалады. Біз келесі маусымда жұмыс жасауға қаламыз. Клуб басшылығымен тіл табысуымыз жақсы. Мен әкімшіліктің пікірін бағалаймын, сенім білдіремін, бастысы, басшылық маған сенеді. Дәл қазіргі кезеңде барлығы жақсы.

- Жаңа маусымда жұмысты қай бағытта жалғастырасыздар?

- Біз «Горнякпен» санасатын дәрежеге жетуді көздедік. Және нәтиже көріп отырмын, мұны жанкүйерлер де біледі. Мен «Сарыарқаның» бапкері Петерис Скудрамен сөйлестім. Ол да бізге орындаушылық шеберліктің жетіспейтінін айтты, алайда қозғалыс, жылдамдық, қызулық, спорттық өжеттік тұрғысынан біз жеңілген жоқпыз, бізді ешкім басып озған жоқ және сүріндірмеді. Енді осы жүйені, осы ынтаны сақтап қалу қажет. Бізге өжет, «аш қасқырдай» хоккейшілер қажет.