«Теміртау» тұрақты чемпионаттың қорытынды ойынында тиісті нәтижеге жете алмай, соның арқасында Pro Ligasy плей-оффына соңғы жолдама «Алтай Торпедоға» бұйырды.
«Алтай Торпедо» мен «Теміртау» 48 матч бойы бірдей ұпай санын – 46-дан жинады. Мұндай жағдайда орындар бөлінісі кезінде бірінші кезекте командалардың жеке кездесулердегі нәтижелері ескеріледі. Мұнда «теміртаулықтармен» текетірестерде үш рет жеңімпаз атанған өскемендіктер басым түсті.
Осылайша, «Алтай Торпедо» ағымдағы маусымның плей-офф кезеңінің сегізінші қатысушысы атанды. Евгений Фадеевтің командасына ¼ финалда тұрақты чемпионаттың жеңімпазы «Сарыарқа» қарсы ойнайды.