Даниил Цыбин: «Кішкентай жеңістер менің дұрыс жолда екенімді байқатады»

4 aqpan
1561

«Барыстың» баспасөз қызметі Қазақстан чемпионатының үздік жас ойыншысы Даниил Цыбинмен шағын сұхбат әзірледі.

- Даниил, хоккей ойнап жүргеніңе қанша болды?

- Конькиді анам 3 жасымда сатып әперді, жәй теуіп үйренсін деді. Ал 5-ке толмай әкем мені секцияға ертіп әкелді, себебі өзі де хоккеймен айналысатын. Одан кейін туыстарым мен алғашқы бапкерім Владимир Владимирович Завьялов жиі арқамнан қағып, жолым ашылды. Мұз бетіндегі жылдамдық, шайба салғандағы жеңістің дәмі ұнап қалды. Әрдайым шабуылшы болғам.

- Маусым бойы сен бірнеше ойынсеріктеріңмен бірге жиналған ұпай саны бойы командаңның көш басында келе жатсың. Мұның құпиясы неде?

- Бұл жерде ешқандай құпия жоқ, тек командаластармен жақсы қарым-қатынас. Олар көмек көрсетеді, соның арқасында гол салуға мүмкіндік туады. Қайткенде де мен үлкен нәтижеге ұмтыламын, сондықтар әзірге аралық жетістіктер туралы айтуға асықпас едім.

- Маусымның көбі өтіп, азы қалды. Физикалық қалыпты қалай сақтайсың?

- Өте көп жаттығамыз, онан бөлек залға қосымша барамын, спорттық режимді сақтауға тырысамын.

- Сен – қаңтардың қорытындысы бойынша Pro Ligasy-ның үздік жас ойыншысысың. Қандай әсердесің?

- Әрине, бұл қуантады, ойынымды бағалағаны қуантады. Кішкентай жеңістер менің дұрыс жолда екенімді байқатады. Хоккейде бұдан да үлкенірек жетістіктерге жеткім келеді, өз өмірімді ойынсыз, жаттығусыз, жарыстарсыз елестете алмаймын. Мұның барлығы бәсекелестікті арттырады, намысыңды жаниды. Әрдайым жаңа әрі қызық дүниелерді білесің.

- Өз мақсаттарың жайлы айтып берсең?

- Өмірде жақсы адам болғым келеді, ең бастысы. Ал спорттағы мақсатым мен арманым – ҚХЛ-да ойнау.