Сарыарқа Батыста, Құлагер жеңілістер сериясын Өскеменде үзуге тырысады

18 jeltoqsan
2318

Екі күндік үзілістен кейін Pro Ligasy клубтары плей-оффға жолдама алу үшін тартысты жалғастырады.

«Арлан» - «Ертіс»

Көкшетауда чемпионаттың көш бастаушы командасы кестенің соңындағы ұжыммен ойнайды. «Арлан» соңғы сегіз матчтың жетеуінде жеңіске жетті, ал жас павлодарлықтар әзірге мақтанатындай нәтиже көрсете алмай отыр. Алайда қарашаның соңында «Ертіс» оза шауып, таңғалдыра алатынын көрсетті, сондықтан «көкшеліктерге» босаңсымау керек.

«Горняк» - «Торпедо»

«Горняктың» соңғы ойындарында жеңіс пен жеңіліс қатар келе жатыр, алайда ұпай жинаудан кенде емес. Соның арқасында рудныйлықтар әзірге плей-офф аймағында. Дегенмен өзінен кейінгі командамен арасын бір ғана балл бөліп тұр. «Торпедо» төрттікке оралды, алайда өскемендіктер соңғы кезең бойы сегіз ойынның төртеуінде ғана жеңіске жетті.

«Ақтөбе» - «Сарыарқа»

Батысқазақстандық команда әзірге өзін плей-офф аймағында сенімді сезінуде және маусымдағы 100 шайбасына жетудің алдында тұр. «Сарыарқа» өткен турда сегіз матчтық жеңістер сериясын үзді, алайда чемпионат үздіктерінің үштігінде қалуға ұпай қоры жетіп тұр.

«Алтай Торпедо» - «Құлагер»

Қос ұжымның да бабы болмай жүр. Петропавлдықтар соңғы төрт кездесуде 4-27 жалпы шайба айырмашылығымен жеңіліске ұшырады, алайда әлі де сегіздіктегі орнын сақтап отыр. «Алтай Торпедо» плей-оффқа жақындағанымен, әзірге сегіздікке енудің реті келер емес.