ҚХФ баспасөз қызметі қазіргі Қазақстан чемпионы «Сарыарқа» қатысатын алдағы Құрлықтық кубок туралы жарияланымдар топтамасын жалғастырады.
2021-22 жылғы маусымда турнир үш іріктеу циклынан және финалдық раундтан тұрады. Жарыстарға өздерінің ұлттық чемпионаттарын немесе ҚК-ның алдыңғы ойындарын жеңген 20 хоккей клубы қатысады. Командалар ұлттық лигалардың қуаты мен географиялық орналасуына қарай алты топқа бөлінген.
Осы маусымда абыройлы жүлдеден үміттенушілер қатарында Румыния, Испания, Хорватия, Түркия, Литва, Эстония, Латвия, Венгрия, Украина және Франция командалары болды.
Қазіргі таңда додада сегіз ұжым қалып отыр. Е тобында турнирдің финалына шығу үшін италиялық «Азиаго», польшалық «Краковия» (өз тобының матчтарын қабылдайды), словакиялық «Попрад» және қазақстандық «Сарыарқа» тартысады. F төрттігінде латвиялық «Олимп», даниялық «Ольбор Пайрэтс» (өз тобының матчтарын қабылдайды), беларусьтік «Гомель» және ұлыбританиялық «Шефилд Стилерс» ойнайды.
Үшінші раундтың аясындағы матчтар 19 және 21 қараша аралығында өтеді. Финалға әрбір топтың екі үздік ұжымы шығады. ҚК аясындағы шешуші турнир 2022 жылдың 7 және 9 қаңтары аралығында өтеді, өтетін орны кейінірек анықталады.