Құрлықтық кубок туралы не білуіміз керек (1-бөлім)

13 qarasha
2524

19 қараша күні қарағандылық «Сарыарқа» Қазақстан чемпионы ретінде Құрлықтық кубоктің кезекті ойынына қатысады. ҚХФ баспасөз қызметі алдағы турнир туралы жарияланымдар топтамасын бастайды.

Құрлықтық Кубок (бұдан әрі – ҚК) өткен жылы коронавирус пандемиясына байланысты өтпей қалғаннан кейін әлемдік хоккей сахнасына қайта оралды. Халықаралық хоккей федерациясының ұйымдастырыуымен аталмыш жарыс 24-ші рет өткізіліп отыр (1997 жылдан бері). 2009 жылдан бері ҚК ИИХФ жетекшілігімен ерлер клубтық командалары арасында өтетін жалғыз халықаралық хоккей турнирі болып табылады.

Швейцариялық, словакиялық және беларусьтік клубтар төрт реттен турнир жеңімпазы атанды. Клубтар арасында ең үздік көрсеткіш үш рет бірінші орын алған минскілік «Юность» клубына тиесілі. Кубокті екі рет швейцариялық «Амбри-Пиотта» мен «Цюрих Лайонс», сондай-ақ француздық «Руан» жеңіп алды. Кубоктің қазіргі иегері – даниялық «Сённерйюск».

Қазақстандық ұжымдар да соңғы кезде аталмыш турнир аясында жақсы ойын көрсетіп жүр. Еліміздің өкілдері соңғы төрт финалдық турнирдің үшеуіне қатысты. 2016-17 жылғы маусымда қорытынды екінші орынды атыраулық «Бейбарыс» иеленді. Келесі жылы елордалық «Номад» та бірінші орынға бір қадам жетпей қалды. Ал 2018-19 жылғы маусымда көкшетаулық «Арлан» көзделген биікті бағындырып, Қазақстан тарихындағы алғашқы ҚК иегері атанды.