Pro Ligasy-дағы қыркүйектің қорытындысы

29 qyrkúıek
1973

Қыза түскен Қазақстан чемпионатының алғашқы айын қорытындылаймыз.

Кейбір командалар 10 матчтан ойнап үлгерді, басқалары азырақ ойнады. Осы кезең ішінде ең көп балды «Арлан» мен «Бейбарыс» жинап үлгерді. Олардың қоржынында 7 жеңістен және 14 балдан бар. Қосымша көрсеткіштер бойынша қыркүйекті көшбасшы ретінде көкшетаулық ұжым аяқтады.

Көшбасшылар үштігін 12 балл жинаған «Торпедо» аяқтайды. Бұл ретте өскемендік команда чемпионат басталғалы ең нәтижелі команда атанып келеді. Руслан Сулеймановтың ойыншылары 32 нәтижелі шабуыл ұйымдастырды.

Күздің алғашқы айының жаңалығы ретінде «Снежные Барсы» командасын атауға болады. Лиганың ең жас ұжымы 8 матчтың 5-еуін жеңіп, қазір 11 ұпайымен турнир кестесінде төртінші орынды иеленіп отыр.

Елдің қазіргі чемпионы «Сарыарқа» әзірге бесінші орында келе жатыр (10 ұпай), алайда қарағандылықтар турнир кестесінің жоғарғы бөлігіндегі қарсыластарыа қарағанда, азырақ матч өткізді. Оның үстіне, Леонид Тамбиевтің командасы Лигада ең аз шайба өткізген ұжым: пассивте небәрі 6 гол бар.

«Горняк», «Алматы», «Теміртау», «Алтай Торпедо» және «Ертіс» кубоктік сегіздіктен тыс қалды. Алғашқы төрт ұжым жақын уақытта жағдайды түзей алады, ал бас бапкерсіз қалған павлодарлықтардың жағдайы мәз емес. «Ертіс» сегізінші жекпе-жекте ғана өзінің алғашқы және әзірге жалғыз балын жинады.

Қыркүйектің ең нәтижелі матчы 6-сы күні Петропавлда өтті. «Құлагер» мен «Ақтөбе» итжығыс ойын өткізіп, матч буллиттер сериясында қонақтардың жеңісімен аяқталды (7:6).

Айдың ең ірі жеңісі «Сарыарқаның» активінде. 17 қыркүйек күні қарағандылықтар түзде «Алтай Торпедоны» 10:2 есебімен ойсырата жеңді.