Қақпашы Андрей Янков «Торпедоның» «Ақтөбемен» екі матчқа созылған тартысын қорытындылап, жанкүйерлердің ойынға қатысуының маңыздылығын атап өтті.
- Андрей, «Ақтөбені» екі рет жеңулеріңе не көмектесті?
- Қорғаныста жақсы ойнадық, өз сәттерімізді ұтымды пайдаландық. Жігіттер соққылардың көбісін тойтарып, аз құрамда тамаша қимылдады. Осының бәрі біздің екі матчта жеңуімізге сеп болды.
- Екінші матчқа шыққанда құрғақ сериядан үміттендің бе? Жалпы қақпашылар ойға мұндайды ала ма?
- Мен барлық қақпашылардың атынан сөйлей алмаймын (күледі). Жеке өз басым мұны қадағаламаймын. Команда жақсы ойын көрсетіп, жеңіп, қажетті нәтиже берсе болғаны.
-Туыстарыңыз матчтарды қарап жүре ме?
- Иә, әрине көптеген туыстар мен жақындар матчтарды көреді, алаңдайды. Ойыннан кейін әрдайым қолдап-қолпаштап, хабарлама жазады. Қазір барлық матчтарды тікелей эфирде жақсы сапада, қайталауларымен, комментаторларымен көру мүмкіндігі бары қандай жақсы. Федерация бұл бағытта үлкен жұмыс атқарды.
- «Құлагерде» бірнеше жыл өткізіп, өзіңнің өсіп-өнген клубыңа оралдың. Осы уақыт ішінде «Торпедода» көп нәрсе өзгерді ме?
- Өз клубыңа оралған қашан да керемет қой. Алайда мансап жолымның бір парасы Петропавлда өтті, онда да ойнаған ұнады. Қала мен клубта айтарлықтай көп нәрсе өзгермеген. «Торпедода» бізге тамаша жағдай жасалған. Сондықтан біз өзімізді толықтай жаттығуларымыз бен матчтарға арнай аламыз.
- Көптеген қалаларда жанкүйерлер трибунаға оралды. Өскеменде жағдай қалай?
- Әзірге біздің матчтарымызға аренаның жалпы сыйымдылығының 20 пайызын кіргізуге рұқсат етеді. Алайда осынша көрерменнің өзі ерекше күш-жігер береді. Өткен маусым түгелдей дерлік жанкүйерсіз ойнадық. Және оған үйренісу қиын болды. Сондықтан жақын уақытта жағдай жақсара түсіп, барлық қалаларда көбірек көрермен кіргізеді деп үміттенеміз.