Александр Пелевин: «Лиганың жаңашылдық енгізуі қызықты»

13 qyrkúıek
2922

Өткен турдың қаһарманы Александр Пелевин Рудныйдағы матчты еске түсіріп, сонымен қатар Қазақстан чемпионатында екі ұпайлық жүйенің енгізілуіне қатысты пікір білдірді.

- Александр, «Номадтың» «Горнякпен» алғашқы матчын еске түсірейікші. Сол ойында қалай жеңіп кеттіңдер?

- Матч бойы жеңіліп келе жаттық, алайда қазір екі ұпайлық жүйе екенін түсіндік. Ойынды овертаймға айналдырып, онда максималды балл санын алып кетуге болады. Команда соңына дейін беріспеді және бұл нәтиже әкелді.

- Қандай көңіл-күй болды?

- Бүкіл команданың матчтан кейінгі көңіл күйі әрине керемет болды. Мұндай стильді ойында жеңіп кету жиі бола бермейді. Командамыздың мінезі болғанына қуаныштымын. Жігіттер жас болса да, беріспей ойнайды.

- «Номадтың» құрамы айтарлықтай жаңарды, әйтсе де чемпионат басындағы нәтижелер жанкүйерлерді қуантуда.

- Кейбір жігіттер бірнеше маусым бойы бірге ойнап келеді. Сондықтан төселіп қалған. Жаңа ойыншылар да сіңісіп кетті. Дайындық жүріп жатыр, ойын өрнегімізді жақсарту үшін барымызды салып жатырмыз.

- Биылғы маусымнан бастап, Қазақстан чемпионаты екі ұпайлық жүйеге көшті. Жаңашылдықты қалай бағалайсың?

- Лиганың жаңашылдық енгізуі қызықты. Қазір турнир кестесінде бір-бірінен аса қатты алшақ кетеді деп ойламаймын. Әрбір команда соңғы ысқырық естілгенше беріспейді, себебі әр балдың құны арта түсті ғой.

- Дәстүрлі сұрақ – маусымнан не күтеміз?

- Біз әрдайым тек ең биік межені көздейміз. Командада жас жігіттер көп, барлығы жеңісті көксейді.