Денис Скатов: «Біз әр ойынға жеңеміз деп шығамыз»

9 qyrkúıek
2104

Қазақстан чемпионатының бастапқы турының үздіктерінің бірі, «Ақтөбенің» шабуылшысы Денис Скатов өзінің хет-тригінен кейінгі көңіл күйімен, өз командасының жаңа маусымда алға қойған мақсатымен бөлісті.

- Денис, хет-трикпен құттықтаймыз! Осыған дейінгі мансап жолыңда хет-трик болды ма?

- Хет-триктер бұған дейін болды, алайда қалағандай жиі болған жоқ. Соңғысы өткен маусымда Түркияда болды, алайда оны есептеуге бола ма-болмай ма, білмеймін (күледі).

- Айтпақшы, өзіңнің Түркия чемпионатындағы тәжірибең туралы кеңірек айтып берші. Екі ойында 17 ұпай жинағаның рас па?

- Шынын айтқанда, екі ойын бойы 17 ұпай жинау чемпионаттың деңгейінен хабар берсе керек (күледі). Онда сәл-пәл «қимылдайтын» қос команда бар, алайда олар басқа жергілікті ұжымдарға жатады. Сондықтан онда достардың алдында мақтану мен тоқмейілсуден басқа, еш пайда болған жоқ.

- «Құлагермен» бірінші матчта сіз нағыз триллер ұйымдастырдыңыз. Не болды?

- Бұл чемпионаттың алғашқы ресми матчы болатын, командалардың ешбірі жеңілгісі келмеді. Сондықтан осындай итжығыс болды. Соңғы соққы біздің пайдамызға шешілгені жақсы болды.

- Мұндай матчтар жанкүйерлерге ұнайды, алайда бапкерлерге ұнай қоюы екіталай. Тәлімгеріңіз ойыннан кейін не деді?

- Жеңіске қарамастан, көп гол өткізіп алдық, мұның ешкімге ұнамайтыны белгілі. Бапкерлердің де баса мән бергені осы болды.

- «Ақтөбе» маусымды жаман бастаған жоқ. Қалай ойлайсың: команда биылғы маусымда қандай орындар үшін тартысуға дайын?

- Жаман бастамадық, алайда енді бастысы – босаңсымау. Ешкім бізге ұпайды жайдан жай сыйламайды. Біз әрбір ойынға жеңеміз деп шығамыз, ал нәтижесі қалай боларын сәуірде көреміз.