Командалар маусымды бастауға дайындалып жатқанда, Pro Ligasy-ның өткен кезеңінің қызықты жайттарын еске түсірейік.
«Торпедо» хоккей клубы өз командаларын таныстырды
30 тамыз Өскеменде «Торпедо» және «Алтай Торпедо» командаларының дәстүрлі таныстырылымы болып өтті. Жанкүйерлерге мерейтойлық маусымға арналған бейнеролик пен логототип таныстырылды. «Торпедо» ардагерлерінің атынан 1998 жылғы Наганодағы Олимпиада қатысушысы Игорь Дорохин құттықтап, сөз сөйледі. Одан кейін «Алтай Торпедо» және «Торпедо» хоккейшілеріне салтанатты түрде ойын майкаларын табыстау рәсімі болып өтті. Оған Өскемен әкімі Жақсылық Омар мен «Торпедо» ХК бас директорының орынбасары Виктор Быстрянцев қатысты. Айтып өтетін жайт, алдағы маусым өскемендіктер үшін командаларының 65 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
«Теміртау» мен Верещагин серіктестікті тоқтатты
Георгий Верещагин биыл жазда «Теміртауды» басқарды. Алайда ҚР Кубогінің қорытындысы бойынша команда келісімшартты өзара келісіммен бұзу туралы шешім қабылдады. Бас бапкердің міндетін атқарушы ретінде теміртаулық жанкүйерлерге жақсы таныс Данияр Ахметов тағайындалды.
«Бейбарыс» құрам жасақтауды жалғастыруда
Қазақстан Кубогі аяқталғаннан кейін бір топ ойыншы «Бейбарыс» сапынан кетті. Атыраулықтар шабуылшы Владимир Бакикамен, Владимир Боровковпен («Арланға» оралды), Ильдус Сулеймановпен және Глеб Бандуркинмен келісімшартты бұзды. Олардың орнына өткен маусымды «Бейбарыста» өткізіп, лиганың үздік бомбардирлерінің бірі атанған Кирилл Старцев, сондай-ақ Василий Москалев келді.
«Сарыарқаның» өткен маусымдағы үздік бомбардирі мансабын «Торпедода» жалғастырады
Жазда Дмитрий Михайлов қарағандылық ұжымнан кетіп, ЖХЛ-да өз күшін сынап көруге бел буды. Алайда «Торпедоның» баспасөз қызметі шабуылшының өскемендіктер сапына өткенін хабарлады. Команданың кезекті жаңа ойыншылары: форвард Антон Некряч, сондай-ақ қорғаушылар Алексей Кожевников пен Роман Таталин.