Қазақстан кубогінің үздік жас ойыншысы, «ақтөбелік» Иван Зинченко клуб баспасөз қызметіне берген сұхбатында аластатулардың көптігіне мән беріп, алдағы чемпионатқа қойған мақсаттарымен бөлісті.
- Иван, команданың өткен жылмен салыстырғанда, ойыншы санының басымдығын жиі пайдалана бастағаны байқалды. Жаттығулар барысында бұл компонентке көбірек көңіл бөлінді ме?
- Әзірге біздің қазіргі ойынымызды өткен жылмен салыстыру ертерек. Бұл –маусымның басы ғана. Қазір кей жерлерде көпшілік құраммен сенімді ойнадық та, шайба сала алдық, кей жерлерде жолымыз болды.
- Әйтсе де «Ақтөбе» ойыншыларының өздері де жиі аластатылды. Сенің ойыңша, бұған не себеп?
- Ең алдымен ойын тәжірибесінің жетіспеуінен деп ойлаймын. Қателіктерге бой алдырдық, аластатылуға тура келді. Абырой болғанда, аластатулардың көпшілігі қорытынды нәтижелерге аса қатты әсер еткен жоқ. Қателіктерден сабақ алып, әрі қарай жылжимыз.
- Жаңа маусымда өз алдыңа қойған мақсаттарың бар ма?
- Мен үшін басты мақсат – командаға қорытынды турнир кестесінен барынша жоғары орын алуға көмектесу. Жеке өзіме келсек – жаңа маусымды өткен жылғымен салыстырғанда жақсырақ ойнап шығу.