Сарыарқа тағы да Қазақстан Кубогін жеңіп алды

26 tamyz
1868

Parimatch–Қазақстан Кубогінің «Сарыарқа» мен «Ақтөбе» арасындағы финалдық жекпе-жегінде Леонид Тамбиевтің ойыншылары басым түсті.

Бірінші кезеңді алаң иелері өз бақылауында ұстады. «Сарыарқа» қарсы қақпаның алдында ұтымды сәттер ұйымдастырып, солардың бірінде Михаил Рахманов есеп ашты.

Екінші кезеңде Кирилл Полохов көпшілік құраммен қарағандылықтардың басымдылығын нығайта түсті. Тағы араға төрт минут салып, Вадим Зеленков Батыс Қазақстаннан келген команданы тағы да састырды. Үзіліске дейін бір шайба дегенмен Денис Каратаевтың қақпасына аттанды, алайда шабуылшының таяғы жоғары көтерілгенін ескерген төрешілер мұны есепке алмады.

Иван Иванов үшінші кезеңнің ортасында бір шайба салып, аз уақытқа «Ақтөбені» ойынға оралтты. Алайда екі минут өтпей, Денис Федоров есеп айырмашылығын қалпына келтірді. Финалдық ысқырық «Сарыарқаның» сенімді жеңісін тіркеп, қарағандылықтар екінші жыл қатарынан ҚР Кубогінің иегері атанып отыр.

«Сарыарқа» - «Ақтөбе» 4:1 (1:0, 2:0, 1:1)

1:0 – 04:43 – Рахманов (Нургалиев, Молодцов)

2:0 – 25:29 – Полохов (Кожевников, Яковлев)

3:0 – 29:19 – Зеленков (Полохов, Беляев)

3:1 – 49:33 – Иванов

4:1 – 51:06 – Федоров (Кожевников, Ларионов)

Қақпашылар: Каратаев – Шаров