3 және 8 тамыз аралығында Нұр-Сұлтанда Pro Ligasy командалары қатысатын турнир ойындарына қызмет ететін төрешілердің жиындары өтеді. Алдағы уақытқа жоспарлары туралы Республикалық жарыстар өткізу бөлімінің бас маманы Сергей Радюк айтып берді.
- Сергей Николаевич, жиынға қанша төреші қатысты және жігіттер демалыстан қандай күйде оралды?
- Жиынға 30 адам келді. Барлығы алдымен тереңдетілген медициналық тексеруден өтті. Ешбір қиындық анықталған жоқ. Сондықтан толық құраммен және жақсы көңіл күймен жаттығуға кірістік. Жігіттер жақсы дене дайындығымен шықты.
- Pro Ligasy-ның судьялар корпусында жаңа тұлғалар бар ма?
- Біз бұған дейін тек Jastar Ligasy-ның матчтарына қатысқан төрт төрешіге назар аудардық. Олар өткен маусымды жаман өткізген жоқ. Қазір біз оларды ересек командалар ойындарына қосуға бел будық. Олар – Павлодар, Нұр-Сұлтан, Өскемен және Қарағандыдан шыққан жігіттер.
- Жаңа маусымда ережелер қандай да бір өзгерістерге ұшырай ма?
- Иә, биыл Халықаралық хоккей федерациясы қағидаларға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Дәл осы жиындарда біз бұл мәселеге терең мән береміз, барлық мәселелерді зерделейміз. ҚХЛ-мен келісім бойынша біздің жиындарға РХФ инспекциялау бөлімінің басшысы Александр Рудольфович Антропов қатысады. Ол біздің төрешілерге арнап, дәріс өткізіп, онда ИИХФ қағидалар кітабына енгізілген барлық өзгерістер туралы айтып береді.
- Жиын бағдарламасы туралы қысқаша айтсаңыз. Бірінші кезекте не нәрсеге мән бересіздер?
- Алдағы екі күнде бізде мұздағы нормативтер мен «жердегі» дене дайындығы бойынша тесттер тапсырылады. Әрі қарай теориялық бөлікке өтеміз. Бұған дейін айтқанымдай, Александр Антропов дәріс оқиды. Жиынның соңында төрешілер хоккей ережелері мен белгілі бір жағдаяттардың түсіндірілімі бойынша қорытынды тест тапсырады.
- Қазіргі жағдайдағы қарапайым сұрақ. Төрешілердің денсаулығы қалай, олар ПТР тапсыра ма немесе екпе алған ба?
- Төрешілеріміздің 80 пайызы екпе алды. Қалғандары әзірге ПТР-тест тапсыруда, алайда маусым басталғанша қалған 20 пайыз да екпе алады деп жоспарлап отырмыз.