Сулейманов Торпедода, Белявский Құлагерде

16 maýsym
1274

Әлем чемпионатының буы басылса, Pro Ligasy-ға оралайық. Көптеген клубтар демалыстан шамамен бір айдан кейін оралады. Алайда командалардағы түрлі өзгерістер туралы жаңалықтар күн сайын пайда болуда. Бүгін біз бапкерлік тағайындаулар туралы сөз қозғаймыз.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы хабар Қазақстан чемпионаты аяқтала салысымен дереу Қарағандыдан жетті. «Сарыарқа» «қырандар» тұғырына маусымның соңына қарай келіп, команданы алтын жүлдеге жеткізген Леонид Тамбиевпен келісімшартты тағы екі жылға ұзартты.

Мамыр айының соңында «Торпедо» команданың жаңа бас бапкерінің есімін атады. Ол Руслан Сулейманов болды. Братина кубогының екі дүркін иегері өз күшін қазақстандық басқа клубта сынап көрген болатын. Алайда «Сарыарқамен» серіктестік өткен маусымда ұзаққа созылған жоқ. Енді Руслан Мухаметханафовичті жаңа кезең күтіп тұр.

«Құлагер» де өз тәлімгерін ауыстыруға бел буды. Александр Троицкийдің орнына команданы енді Александр Белявский басқарады. Беларусьтің тумасы ойыншы кезінде ригалық «Динамо» мен Латвия құрамасы үшін өнер көрсеткен болатын. Бапкер ретінде 57 жастағы маман Швеция, Ресей мен Беларусь командаларында жұмыс жасады. 2015 жылы Белявский элиталық дивизиондағы әлем чемпионатында Латвия құрамасының бас бапкері болды.