27-29 қазандағы матчтардың аңдатпасы

26 qazan
1331

27 қазанда Қазақстанның үш қаласында хоккейден чемпионаттың кезекті туры басталады. Бұл ойын кезеңі үш күнге бөлінеді.

27-28 қазан

Ойын күндерін Рудныйда өтетін «Горняк» пен «Құлагер» арасындағы матчтар ашады. Сергей Невструевтің командасы өз алаңында «Номадқа» екі рет есе жіберіп, маусымды аса сәтті бастай алмады. «Құлагер» өз сапарын чемпионат көшбасшыларының бірі ретінде бастайды. Қазіргі таңда петропавлдық ұжым жеті ұпаймен турнир кестесінің үшінші орнына жайғасты.

"Ақтөбе" өз алаңындағы алғашқы матчтар аясында елордалық «Номадты» қарсы алады. «Көшпенділер» қатарынан үш рет жеңіске жетіп, чемпионатта екінші болып келе жатыр. Алексей Коршковтың командасы түздегі төрт кездесуде бес ұпай жинап, әзірге Кубокқа таласатын сегіздікке ене алмай отыр.

Турдың басты қақтығысы Атырауда өтеді. Республиканың қазіргі чемпионы «Бейбарыс» PRO HOKEI LIGASY-ның қазіргі көшбасшысы «Торпедоны» қабылдайды. Өскемендіктер төрт рет қатарынан жеңіс тұғырынан көрініп, бір де бір ұпай жоғалтпады. Артём Аргоковтың командасы жинаған ұпайларының 50 пайызымен төрт матчтық сапарды аяқтады.

28-29 қазан

Елордада жас командалар «Снежные Барсы» және «Теміртаудың» қызықты шайқасы өтеді. Екі ұжым да өткен турда екі жеңістен қанжығаға байлады. Сол себепті сәтті серияны жалғауға деген құлшыныстары зор.

Маусым аясында өз алаңындағы алғашқы кездесулерін ағымдағы чемпионатта әзірге бір де бір ұпай жинамаған «Алматы» өткізеді. Павел Думаның ойыншыларына кезекті ойын алдында өз құрамын нығайтқан «Арлан» келеді. Көкшетаулықтар алты ұпаймен төртінші орында.

Ұлттық чемпионаттағы өз жорығын «Сарыарқа» бастайды. Қарағандылық ұжым түзде «Алтай Торпедомен» ойнайды. Виктор Богатырёвтің командасы түзде ойнаған бірінші ойыны барысында жинаған төрт ұпайды місе тұтпайтыны анық. Өскемендіктер әзірге турнир кестесінде оныншы орында.