21 мамыр Ригада хоккейден ерлер арасындағы әлем чемпионаты басталады. Элиталы дивизиондағы турнир қатысушыларының бірі Қазақстанның ұлттық құрамасы болмақ.
Жақында Латвияға аттанатын құраманың нақты құрамына кіретін үміткерлер тізімі жарияланды. Елордалық «Барыстан» бөлек, оған ProLigasy клубтарының өкілдері де кірді.
Демид Еремеев («Теміртау»)
2019 жылы Канадада өткен ЖӘЧ қаһармандарының бірі өз командасының бірінші қақпашысы атанды. Биылғы маусымда Демид 37 матчқа қатысып, олардың 19-ында жеңіске жетті. 5 рет Еремеев өз қақпасына шайба жуытпады. Жалпы алғанда, мұз айдынында ол 2100-ден астам минут өткізді, өз қоржынына мыңнан астам сейв (93,05% тойтарылған соққылар) салып, тіпті бір рет нәтижелі пас берді. Сенімділік коэффициенті – 2,19. Қарағандылық хоккей мектебінің шәкірті ересектер арасындағы ұлттық құрамаға алғаш рет шақырту алып отыр.
Андрей Шутов («Торпедо»)
Андрей өскемендік клубтың тұтас даму жолын бірге өтіп, негізгі командада бекуге тамаша мүмкіндік алды. Максим Сидоровпен бірге Шутов чемпионаттағы ең мықты қақпашылар шебін құрады. Бұл ретте жас голкипер кейбір компоненттерде өзінің тәжірибелі әріптесінен де асып түсті. Ол 25 матчтың 19-ында жеңіске жетіп, орта есеппен 1,3 шайбадан өткізді, соққылардың 95,2%-ына тойтарыс берді. Жекпе-жектердің бірінде Андрей «құрғақ» жеңіске де жетті.
Никита Бояркин («Сарыарқа»)
Қарағандылық мектептің тағы бір шәкірті ересектер деңгейінде нағыз мықты маусым көрсетті және «Сарыарқаның» Қазақстан чемпионаты финалына шығуына атсалысқан негізгі ойыншылардың бірі. Қазіргі таңда 42 матчта Никита 30 рет жеңіске жетті, бұл ретте 13 (!) рет қақпаға шайба жуытпады. Тұтас маусым бойы Бояркин мұз алаңында 2500 минуттан астам уақыт өткізді, орта есеппен 1,55 шайба өткізді, соққылардың 93:57%-ына тойтарыс берді. Тағы бір маңызды фактор – Бояркин құраманың кеңейтілген тізіміндегі әлі де ойын екпінін жоғалтпаған жалғыз қақпашы. Қалған үміткерлердің барлығы клуб маусымдарын аяқтап, қазір ойын тәжірибесінен тыс отыр.