ҚХФ баспасөз қызметі жартылай финалдық сериялар қорытындысы бойынша өз маусымын аяқтаған командалардың ойынын қорытындылайды.
«Торпедо» (тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша 1-ші орын, ½ финал кезеңінде ұшты)
Чемпионат басталар алдында «Торпедо» алтын медаль үшін күресте басты үміткерлердің бірі ретінде қарастырылды. Және Олег Болякинның командасы бірінші турдан-ақ чемпиондыққа таласы барын көрсетіп, қатарынан 13 матчта жеңіске жетті. Тұрақты чемпионаттың барысында ұжымдардың ешбірі өскемендіктермен бірінші орын үшін тайталаса алмады. Ал ақпан айының басында «торпедолықтар» Қазақстан кубогының финалына жетті.
«Алматымен» ширек финалдық қақтығыс өскемендіктер үшін минималды матч санымен аяқталды. Алайда жартылай финалда фавориттердің ойыны сыр бере бастады. Ал «Арлан» болса, бұл ойындарға тас түйін дайын келіп, серияның тағдырын бес ойын шешті.
Айтып өтетін жайт, Болякиннің ойыншыларында Өскеменде өткен бесінші кездесудің қорытындысы бойынша өз ойындарын жалғастыруға мүмкіндік мол болды. Алайда алаң иелері көп мәрте көпшілік құраммен өз шабуылдарын межеге жеткізе алмады. Ал овертаймда буллит салынбады. Нәтижесінде, «Арлан» алтыншы орыннан ұлттық чемпионаттың финалына өтті, ал «Торпедо» маусымды қола медальмен аяқтады.
Кирилл Савицкий – маусым бойы 40 (12+28) ұпай межесіне жеткен «Торпедоның» жалғыз ойыншысы. Тәжірибелі Александр Шин кезекті рет өзінің сұр мерген екенін дәлелдеп, өз есебіне 23 шайба жазды.
- Бірінші кезекте маусымымыз аяқталғаны үшін жанкүйерлерден кешірім сұрағымыз келеді, - деді «Торпедоның» бас бапкері Евгений Фадеев. – Ешкім ұтылғысы келмеді, бәрі әрі қарай өткісі келді. Алайда бұл спорт, осылай болды. Әзірге эмоцияларымыз басылмайынша әлденені талдау қиын. Әрбір матчты жеңу керек болды, алайда біз көпшілік құрамды көп ұйымдастырмадық. Жалпы алғанда, маусым күрделі болды. Тұрақты чемпионатты жеңдік, алайда мұның еш салмағы жоқ, негізгі ойындар плей-оффта.