ҚХФ баспасөз қызметі жартылай финалдық сериялар қорытындысы бойынша өз маусымын аяқтаған командалардың ойынын қорытындылайды.
«Номад» (тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша 5-ші орын, ½ финал кезеңінде ұшты)
Елордалық ұжым Жоғарғы хоккей лигасындағы бір маусымнан кейін туған еліндегі чемпионатқа қайта оралды және тәлімгерін ауыстырды. Команда тұрақты чемпионатты керемет бастады және үнемі көшбасшылар үштігінде болды. Күнтізбелік жылдың соңында «көшпенділер» тіпті чемпионатты бірінші орынмен аяқтады.
Алайда Александр Высоцкий шәкірттерінің ойыны қиыс кетті. «Номад» әдетте жібермейтін қателіктер жібере бастады, ал тұрақты чемпионаттың соңында тіпті бесінші орынға ысырылды.
Дегенмен, бұл жағдай елордалық командаға плей-оффтың бірінші раундынан сенімді өтуге кедергі келтірмеді, осылайша «көшпенділер» аз ғана матч ішінде «Теміртауды» жеңді. Алайда жартылай финалда «Сарыарқаны» жеңу қолынан келмеді, және бұл серия да төрт жекпе-жекпен тәмам болды.
Егер «Номад» үшінші кездесудің овертаймдарында көптеген сәттерді уыстан шығарып алмағанда бәрі басқаша болар ма еді. Дегенмен, қарағандылықтарға штанга мен керме көмектесті. Осы ойын шешуші болды. «Сарыарқа» ұлттық біріншіліктің «алтыны» үшін күресетін болады, ал «Номад» маусымды Pro Ligasy-ның қола жүлдегері ретінде аяқтады.
Маусымның қорытындысы бойынша елордалық ұжымның ең нәтижелі ойыншысы Алексей Зубов болды. Шабуылшы өз активіне 43 (13+30) ұпай жазды, оның «Теміртаумен» төртінші кездесуде овертаймда салған шайбасы командаға сериядағы жеңісті сыйлады. Сондай-ақ, Саян Данияр (42 балл, 16+26) да жарқын ойын үлгісін көрсетіп, өз командасының үздік сұр мергені атанды.
- Қарсылас салмақты болды. Бүгінгі таңда бұл ЖХЛ-дың қазіргі чемпионы, - деп жартылай финалдық серияны «Номадтың» тәлімгері Александр Высоцкий қорытындылады. – Барлық матчтар тартысты өтті, тең түсіп отырдық. Көп тер төгілді. Бұл серияда көзге ұрарлықтай өрескелдіктер болмағаны ұнады. Барлығы әділ ойнады. Қарсылас бізде басым боп шықты. Біз шайба салатын сәттерді жүзеге асыруда түйткілдерге тап болдық. Қарсылас көпшілік құрамды жақсы ұйымдастырды, ал бізде көпшілік құрам көп болмады. «5-ке 4» ойнағанда бір ғана шайба салдық. Біз үшін тақымын қысып, қолдаған барша жанкүйерге алғыс айтамыз. Биыл трибунадан тамашалай алмағанымен, матчтарды интернеттен және теледидардан көрді.