Маусымға бет алдық. «Теміртау»

8 qyrkúıek
1832

ҚХФ баспасөз қызметі PRO HOKEI LIGASY-ның алдағы маусымының қатысушыларымен таныстыруды жалғастырады. Айдарымыздың кезекті кейіпкері бүгін «Теміртау» болмақ. «Сарыарқаның» фарм-клубы аз уақыт ішінде өзін жас, мығым әрі табанды команда ретінде көрсете білді. Құрылғанына 2 жыл өтпей жатып, «Теміртау» Қазақстан чемпионатының финалына жеткенін айта кеткен жөн.

Өткен маусым

Команда 2019-20 жылғы маусымды бірқалыпты өткізді. «Теміртау» шамасы келетін ойындарда жоғары ұпай жинады, үздіктермен жиі теңдей түсіп отырды. Дегенмен, чемпионаттың соңына қарай кубокқа таласатын сегіздікте қалу үшін біршама тер төгуіне тура келді. Сары-қара жолақтылар дер кезінде жинақталып, ақпан айында 10 матчтың 8-ін жеңіп алып, тұрақты чемпионаттың нәтижесі бойынша жетінші қатарға жайғасты.

¼ финалда «Ертіс» - «Теміртау» жұбы ең қызықты әрі таңғажайып өнер көрсетті. Теміртаулықтар екі батыл қонақтық кездесулер өткізіп, серияда 2-0 есебімен алға шықты. Алайда келесі үш кездесуде павлодарлық хоккейшілердің жолы болды. Чемпионат мерзімінен бұрын тәмам болмағанда, бұл серияның қалай аяқталатынын кім білсін.

Бас бапкер

Өткен маусымда «Теміртауға» жетекшілік еткен Евгений Королёв жақында «Сарыарқаның» бапкерлер құрамына кірді. Фарм-клубтың бас бапкерінің міндетін атқарушы ретінде әзірге Роман Козлов тағайындалды. Ол қазақстандық жастар лигасында өнер көрсететін «Қыран» командасымен жұмыс істеп, танылған болатын.

Ауысулар

Өткен маусымның үздік алты бомбардирінің бесеуі клуб жүйесінде жұмысын жалғастырды. Муса Гусейнов, Михаил Потапов және Антон Кошелев маусымалды матчтар аясында көзге түсіп үлгерді. Евгений Королинский де құрамда қалып, жиі бірінші командаға шақырылып отырады.

Шығыннан тәжірибелі орталық шабуылшы Иван Золотухиннің, сондай-ақ қақпашы Богдан Белоконскийдің кетуін айтуға болады. Қос спортшы да мансабын «Бейбарыста» жалғастырады. «Алматыға» болашағы зор шабуылшы Андрей Буяльский аттанды. «Теміртауға» жергілікті жанкүйерлерге жақсы таныс Бари Сабуров оралды, «Ақтөбеден» тағы бір жас шабуылшы Айдос Жорабек ауысты.

Көшбасшы

Өткен жылы «Теміртаудың» капитаны болған, нәтижесінде тұрақты чемпионатта команданың үздік бомбардирі атанған форвард Евгений Королинскийге бапкерлердің үлкен үміт артатыны белгілі. Ол әріптестерін шабуылға бастап, жігерін қайрай біледі. Алайда бұл жерде нақтылайтын мәселе бар. Көптеген маусымалды матчтарда Евгений «Сарыарқа» құрамында ойнады және қазір спортшының маусымды қай командада бастайтынын тек бапкерлер білетін шығар. Королинский болмаған жағдайда көшбасшылықты жас жігіттердің бірі қабылдауға тырысады.

Не күтеміз

«Теміртау» алдағы маусымда да өз жүйесінен жаңылмайтын секілді. Команда тәжірибелі қарсыластарына аса ұнай қоймайтын жылдам, кейде адуынды, тайталасқа толы хоккей ойнауын жалғастырады. Теміртаулықтардың маусым бойы көптеген қиын матчтарда оң нәтиже көрсетуіне күш-қуаты да, желігі де жетеді. Алайда кез келген сәтте көшбасшылардың бірі «Сарыарқаға» ауысып кетуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Ал бұл командалық ойын өрнегі мен жалпы нәтижеге елеулі ықпал етеді. Бәрі оңынан болған жағдайда сары-қара жолақтылар сегіздік үшін әбден күресе алады.