Қазақстан чемпионатын алты кездесу жалғайды. Кешегі күн қызықты оқиғаларға толы болды, тіпті бір сенсацияға куә болдық. Қазақстандық жанкүйерлерді бүгінгі сенбілік ойын күні не күтеді?
Металлургтар қаласында тағы да «Теміртау» мен «Алтай Торпедо» кездеседі. Кеше осы екі ұжым арасындағы тайталаста сары-қаралар жеңімпаз атанып, маусымдағы бірінші жеңісті қанжығаға байлаған болатын.
"Горняк" елордалық «Номадтан» қарымта қайтарып, чемпионаттағы өзінің алғашқы ұпайларын жинауға тырысады.
"Торпедо" өзінің жеңістер сериясын жалғастыру үшін «Алматымен» ойында бар күшін салады. Ал оңтүстік астаналық команда керісінше әзірге бір де бір балл жинамады.
«Арлан»«Ақтөбемен» екінші кездесуде кешегі қателіктерді қайталамауға тырысады. Дегенмен, Коршковтың ойыншылары да елдің Солтүстігіне жасаған жорығын сәтті аяқтау үшін аянып қалмас.
Турнир кестесінде екінші қатарға жайғасқан "Құлагер" екі матчта қатарынан жеңілген «Бейбарысты» қарсы алады.
Өз алаңында «Снежные Барсы» командасына жол берген «Ертіс» өз жанкүйерлеріне кешегі жайттың кездейсоқ қателік екенін дәлелдеуі тиіс.