Маусымның қорытындысы. Құлагер

29 naýryz
1329

ҚХФ баспасөз қызметі плей-оффтың бірінші раундының қорытындысы бойынша өз маусымын аяқтаған командалардың ойынын қорытындылады.

«Құлагер» (тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша 7-ші орын, ¼ финал кезеңінде ұшты)

Петропавлдық ұжым ұлттық турнирлердің мығым ортаншы командасы атағын растады. Маусым басталар алдында «Құлагер» кезекті рет команданың қаңқасын сақтап, команданы қызықты ойыншылармен күшейте білді. Алайда, тұрақты чемпионатты біркелкі өте алмады.

Александр Троицкийдің командасы бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүрді. Тіпті, кейде турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі қарсыластарына есе жіберіп жүрді. Осының салдарынан «Құлагер» тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша команда тарихындағы бұрын болмаған ең нашар көрсеткіш – жетінші орынды иеленді.

Плей-оффтың бірінші раундында петропавлдықтар «алтыннан» үміттілердің бірі «Сарыарқаға» қарсы шықты. Қарағандылықтар ¼ финалдың бұл сериясын төрт кездесумен аяқтады, бұл ретте қарсыластар бір рет қана негізгі уақыттан тыс ойнады. Айтып өтетін жайт, «Құлагер» осы жекпе-жектің аясында небәрі бес шайба салды. Жартылай финал үшін тартыста осы жайт шешуші рөлге ие болды.

Солтүстікқазақстандық ұжымның бірден үш ойыншысы маусым бойы 35 ұпайдан жинады. Өз деңгейлерін кезекті рет Денис Стасюк пен Дмитрий Исмагилов (екеуі де 17+18) растады. Тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша лиганың барлық қорғаушылары арасында ең үздік нәтиже көрсеткен Фёдор Хорошев (16+19) маусымның үлкен жаңалығы болды. Оның үстіне, Хорошев маусымдағы барлық 52 матчта ойнады.

- Маусым үшін командаға алғыс айтамын. Жігіттер чемпионатта да, плей-оффта да барын салды, - деп қорытындылады «Құлагердің» бас бапкері Александр Троицкий. – Жұмылып, жұдырық болдық. Қатарынан 16 матч өткізген Андрей Янковқа рақмет айтқым келеді. Команда оған сеніп, ол үшін де, өздері үшін де, сондай-ақ петропавлдық жанкүйерлер үшін де тырысып бақты.