Маусымның қорытындысы. Алматы

27 naýryz
1311

ҚХФ баспасөз қызметі плей-оффтың бірінші раундының қорытындысы бойынша өз маусымын аяқтаған командалардың ойынын қорытындылайды.

«Алматы» (тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша 8-ші орын, ¼ финал кезеңінде кетті)

Оңтүстік астаналық ұжымның маусымды бастауы қиын болды. Чемпионаттың басында алматылықтар қатарынан бес рет жеңіліс тапты. Әрі қарай команда өз ойын өрнегін таба бастады, турнирлік тұрғыдан бірнеше маңызды жеңіске қол жеткізді, осылайша шешуші кезеңге жолдама алды.

Алайда плей-оффта «Алматының» жолы болмады. Бірінші айналымда-ақ Владимир Князевтің командасы тұрақты чемпионаттың жеңімпазы «Торпедомен» кездесті. Бұл ширек финалдық серия төрт матчпен аяқталды.

Алматылықтар плей-оффта тап болған басты проблема – ұтымды сәттерді жүзеге асыру. Төрт кездесуде олар 7 рет ғана гол салды. Бұл жекпе-жекте «Алматыда» шабуылды күшейтетін тәжірибелі Андрей Спиридоновтың жоқтығы білінді.

Бүкіл маусым бойынша оңтүстік астаналықтардың үздік бомбардирі 39 (18+21) балл жинаған Нұрсұлтан Белгібаев болды. Белгібаевтан басқа, Никита Баженов ғана 10-нан асырып шайба сала алды. Владимир Волков пен Евгений Борисов маусымдағы барлық матчтарға қатысты.

- Маусым өте ауыр болды, - дейді «Алматының» бас бапкері Владимир Князев. – Мен команданы қабылдап алғанда, ол он екінші орында болды. Қайткенде жоғарырақ орыннан плей-оффқа түсу деген мақсат қойылды. Жаңа жылдан кейін біз ұпайлардың 60%-дан астамын алдық. Егер маусымның бірінші жартысында осынша ұпай жинағанда, нәтиже мүлдем басқа болар еді. Айтарлықтай ілгерілеу бар деп санаймын және ол келесі маусымда да жалғасады деп үміттенем. Жалпы алғанда, жігіттерге тек алғыс айтам. Плей-оффта лайықты ойын көрсеттік деп санаймын.