Маусымның қорытындысы. Ақтөбе

26 naýryz
1419

ҚХФ баспасөз қызметі тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша өз маусымын аяқтаған командалардың ойынын қорытындылайды.

«Ақтөбе» - тұрақты чемпионат қорытындысы бойынша 9-шы орын

Ақтөбеліктер өткен жылғы жетістікті қайталай алмай, плей-оффқа өтпей қалды. Бір қызығы, команда әжептәуір құрамды жинап алды, алайда тепе-теңдік сақтап, тұрақты чемпионатты бірқалыпты өткізу қолдан келмеді.

Батысқазақстандық ұжымның қоржынында 20 жеңіс пен 58 ұпай бар. Плей-офф аймағынан 10 балл артта қалды. Қуантарлығы, «Ақтөбе» тікелей бәсекелесі «Алматымен» төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Алайда басқа жекпе-жектерде команданың асығы алшысынан түспеді. Сондай-ақ ақтөбеліктердің буллиттер сериясындағы жақсы ойынын атап өтуге болады. «Қызыл-қаралар» алты жекпе-жектің бесеуінде жеңіп кетті.

Маусымның жаңалығы деп Иван Зинченконы атауға болады (36 ұпай, 19+17). Жас шабуылшы тұрақты чемпионатта өз командасының үздік бомбардирі, сұр мергені және ассистенті атанды. Плей-офф кезінде Зинченко «Бейбарыс» құрамына еніп, онда да нәтижелі іс-қимылдарымен көзге түсті. Алайда, атыраулықтар мен «Арлан» арасындағы серияның тағдырын «Ақтөбенің» басқа өкілі Вадим Митряков шешті. Алтыншы шешуші ойындағы овертаймда салынған жеңісті шайба соған тиесілі.