Pro Ligasy тұрақты чемпионатының үздік ойыншылары. 2-ші бөлім

20 naýryz
1393

Назарларыңызға өткен тұрақты чемпионаттың ерекше көзге түскен ойыншыларын ұсынамыз.

Үздік қорғаушылар

Мадияр Ибрайбеков («Номад»)

«Көшпенділердің» 51-ші нөмірі өз мансабындағы ең үздік маусымын өткізді. Қорғаныстағы негізгі міндеттерінен бөлек, Мадияр жиі командасына нәтижелі іс-қимылдарымен көмектесті. Оның қоржынында 28 (9+19) ұпай бар, пайдалылық көрсеткіші +14 және қарсы қақпаға жүзден астам соққы жасады. Оның үстіне, Ибрайбеков бұғатталған соққылар саны (39) бойынша «Номадтың» көшбасшысы болып табылады.

Станислав Боровиков («Арлан»)

Өзін мойындатқан бомбардирлер Дмитрий Шитиков пен Вадим Бердниковке ғана жол беріп, өз командасының ең нәтижелі ойыншыларының үштігіне кірді. «Арланның» 7-ші нөмірлі ойыншысының есебінде 31 (9+22) балл бар, команда бойынша ең жоғары пайдалылық көрсеткішіне (+18) ие. Айтып өтетін жайт, оның 6 шайбасы көпшілік құраммен салынды.

Фёдор Хорошев («Құлагер»)

Фёдорды биылғы маусымның жаңалығы деуге болады. Ол бұрын да шабуылға қосылуды ұнататын, алайда қазір мұны асқан шеберлікпен жасап, өз командасына көп пайда әкеліп жүр. Хорошевтің қоржынында 33 (15+18) балл бар, «Құлагердегі» екінші пайдалылық көрсеткішіне (+18) ие.