ҚХФ баспасөз қызметі тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша өз маусымын аяқтаған командалардың ойынын қорытындылайды.
«Снежные Барсы» - тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша 13-ші орын
Ең жас ұжымның Қазақстан ересектер чемпионатындағы дебюті. Пандемия мен шекаралардан өтудің қиындығына байланысты «Снежные Барсы» ЖХЛ-да үзіліс алып, ішкі аренада тәжірибе жинақтайды деп шешілді.
Әрине, қандай да бір үлкен нәтижелер туралы айту ерте. Александр Истоминнің командасы өзінің жергілікті мәселелерін шешті, алайда әрбір матчқа «Барыстар» көздері жанып, намыстарын қайрап шықты. Бұл ретте жігіттердің көпшілігі ересектер деңгейіне алғаш рет шықты. Тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша елордалық ұжым 16 ұпай жинап, төрт рет жеңіске жетті.
Маусым бойы «Снежные Барсы» командасында гол салатын сәттерді уыстан шығарып алып отырды. Салдарынан салынған және өткізілген шайбалар айырмасы бойынша лигадағы ең нашар көрсеткіш (-131) осы «Барыстарда».
Өкінішке орай, маусымның бірінші бөлігінде ересектер чемпионатындағы алғашқы матчтарда-ақ өзін мықты көрсеткен команда көшбасшысы және басты шабуыл ұйымдастырушы Диас Гусейнов шығып қалды. Ол жоқта көшбасшылық Владислав Сайко мен ұжымның деңгейі бойынша тәжірибелі Дмитрий Макеевке өтті. Сайко команданың үздік бомбардирі мен сұрмергені атанды (16 ұпай, 11+5), Макеев үздік ассистент болды (14 ұпай, 4+10).
Айтып өтетін жайт, «Снежные Барсы» құрамындағы кейбір жігіттер плей-офф басталардың алдында «Номадқа» ауысты, осылайша қазір чемпионатта өнер көрсетуін жалғастырып келеді.
- Өткен чемпионаттың негізгі нәтижесі – бұл команданың ересектер хоккейінде жинақтаған тәжірибесі, - деп маусымды «Снежные Барсы» командасының бас бапкері Александр Истомин қорытындылады. – Жігіттерге жасөспірімдер мен жастар хоккейінен ересектер деңгейіне өту оңай болған жоқ. Қайткенде де, маусымның барысы мен соңында оң қарқын байқалды. Біздің міндеті – ойыншыларды жүйеміздегі деңгейі биігірек командаға дайындау. Жігіттер шынықты және осы чемпионатта алған тәжірибелері келесі маусымда оң нәтиже берері сөзсіз.