PRO HOKEI LIGASY-ның ойын аптасы 23 және 24 қазан күндері қызықты бес кездесумен жалғасын табады.
"Горняк" медаль жолындағы жорығын өз алаңында «Номадпен» кездесуден бастайды. «Көшпенділер» техникалық жеңілістен кейін «Алтай Торпедомен» екінші матчта керемет нәтиже көрсетіп, чемпионаттағы ең көп ұпайды жинады.
«Торпедоны» «Алматымен» кездесуде үлкен сынақ күтіп тұр. Оңтүстік астаналық команданың Павлодардағы матчқа көңілі көншімегені анық: ол жақтан Павел Думаның ойыншылары «нөлмен» оралған еді. «Торпедолықтар» керісінше жеңістер легін жалғастыруға тырысады.
"Арлан" «Бейбарыспен» тартысты кездесуден кейін өз алаңында Батыс Қазақстан облысының тағы бір өкілі – «Ақтөбені» қарсы алады. Алексей Коршковтың командасы бұған дейін Петропавлдан қанжығасына бар болғаны екі ұпайды байлаған, ал ақтөбеліктердің тәлімгері ойын тәжірибесінің жетіспеушілігін тілге тиек етті.
Екі матчта ұпай жинаған «Құлагер» Петропавлда Солтүстікке сапарын жалғастыратын «Бейбарыспен» ойнайды.
«Теміртау» чемпионаттағы алғашқы ойындарын өз алаңында «Алтай Торпедоға» қарсы өткізеді. Өскемендіктер металлургтар қаласына «Номадтан» ойсырай жеңілгеннен кейін келгелі отыр. Жас ұжымдардың қақтығысы қызықты болатын сияқты. Айтып өтетін жайт, Теміртаудағы матчардың басталуы жергілікті уақыт бойынша 14:00-ге ауыстырылды.
«Ертіс» турнир кестесінің бірінші қатары үшін күресуге жақсы мүмкіндік алғалы отыр. Павлодарға әзірге ұпай жинамаған, алайда Өскеменде лайықты ойын өрнегін көрсеткен чемпионаттың ең жас командасы – «Снежные Барсы» келеді.