Бұлбұл Қартанбаева: «Турнирді жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмын»

9 naýryz
2175

Танымал қазақстандық хоккейші Бұлбұл Қартанбаева 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне арналған балалар арасындағы қайырымдылық турнирін өткізді.

Турнирдің мақсаты Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар және әйелдер хоккейін насихаттау болды. Турнир Street Hockey 3х3 көше хоккейі форматында өтті. Командаға 9-дан 13 жасқа дейінгі ең көбі бес ойыншыны қабылдауға рұқсат берілді.

Турнирдің ұйымдастырушысы Бұлбұл Қартанбаева ҚХФ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

- Бұлбұл, мұндай турнирді өткізу туралы ой қалай пайда болды? Ұйымдастыру барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

- Өздеріңіз білетіндей, өзім хоккейші болғандықтан, менің мақсатым – әйелдер мен балалар хоккейін кеңінен насихаттау. Сондықтан дәл Халықаралық әйелдер мерекесінің құрметіне мұндай қайырымдылық турнирін өткізу туралы ой келді. Дайындыққа уақыт өте аз болды. Қазақстан хоккей федерациясының қолдау білдіріп, балаларға пиццасын, ішетін астарын алып берген демеушілер табылғаны қуантады. Марапаттауға «Bronx» боксшылар клубынан жігіттер арнайы келді. Олар біздің қыздарымызды марапаттады. Осылайша спортпен айналыссаң, үлкен жетістіктерге жететінін көрсетіп, ынталандырды.

- Қатысушылар туралы аз-кем айтып берсеңіз. Олар кімдер және қайдан?

- Қатысушылар көбіне елордадан. Бізде оқушы қыздардан құралған балалар командасы барын біліп, қатты қуандым. Сөйтіп, оларды бірден шақырдым. Сондай-ақ Замандас-21 аулалық хоккей лигасынан да балалар бар, біз оларды да шақырдық.

- Бұл турнирді дәстүрге айналдыру жоспарда бар ма?

- Шынымды айтсам, мен алғашқыда кемінде алты команда жинай алсам деп ойладым. Алайда біз команда жинап бастағанда қоңыраулар көптеп түсіп, бізге турнирді 16 командаға дейін кеңейтуге тура келді. Ниет білдірушілер шын мәнінде бұдан да көп. Турнирді жыл сайын өткізіп, жыл өткен сайын оның ауқымын кеңейту, және қыздар командаларын көптеп тартуды жоспарлап отырмын.

Турнирді өткізу кезінде Қазақстан хоккей федерациясының балалар хоккейін дамыту жөніндегі маман Рустам Ибраев өз пікірін білдірді.

- Street hockey – бұл спорттың, атап айтқанда хоккейдің жаңа түрі. Мұнда стритбол баскетболдағыдай 3-ке 3 форматында ойнайды. Қазақстан хоккей федерациясы спорттың жаңа түрлеріне әрдайым қолдау білдіреді және тек кәсіби спортты ғана емес, сондай-ақ балалар спортын дамытумен айналысады. Мұндай бұқаралық іс-шаралар ҚХФ қолдауымен мүмкіндігінше Нұр-Сұлтан мен облыстарда өтіп жүр. Себебі ұлттың саулығы бірінші кезекте балаларымыздың денсаулығына байланысты, сондықтан бұқаралық балалар спортына баса назар аударамыз. Нұр-Сұлтанда ересек әуесқой командалар, балалар, аула клубтары арасында ондаған осындай бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Ең бастысы, Спорт федерациялары, Министрліктері, Басқармалары тарапынан аталмыш спорт түрлеріне, оның ішінде хоккейге көп көңіл бөлінеді.

Турнир «Барыс» спорт кешенінің маңындағы ашық аспан астында өтті. Оған көптеген балалар қатысты. Әрбір жарыс қатысушысы естелік кәдесый алып, алғашқы үш орын иелеріне медальдар табысталды. Жеңімпаз команда турнирдің басты жүлдесі – Кубоктан бөлек, ақшалай сыйлық алды.