Ақпан айының үздік ойыншылары

1 naýryz
1516

Қыстың соңғы айын қорытындылаймыз. Назарларыңызға ақпан айының қорытындысы бойынша Pro Ligasy-ның үздік ойыншыларының төрттігін ұсынамыз.

Үздік қақпашы – Максим Сидоров («Торпедо»)

Өскемендік ұжымның голкипері биылғы маусымда осымен екінші рет айдың үздік ойыншылары қатарына еніп отыр. Ақпанда ол бес кездесуде ойнап (олардың бірінде бірінші кезеңнен кейін алмастырылды), олардың барлығында «торпедолықтар» жеңіске жетті. «Сарыарқамен» екі, ал «Теміртаумен» бір маңызды ойында жеңіске жеткен дәл Максим болатын. Оның қоржынында бір құрғақ жеңіс және тойтарыс берілген 96,5% соққы бар. Орта есеппен қақпашы бір ойында 1,15 шайба өткізді.

Жалпы алғанда, Олег Болякин командасының тұтас қақпашылар бригадасын атап өту қажет. Андрей Шутов пен Матвей Ершов та ақпан айында бір де бір рет жеңіліс көрмей, тұрақты чемпионат соңына бірнеше тур қалғанда-ақ бірінші орынды еншілеп қойған команданың жеңісіне өз үлестерін қосты.

Үздік қорғаушы – Сергей Егоров («Ақтөбе»)

Тәжірибелі қорғаныс ойыншысы бұл кезеңді үлкен екпінмен өткізіп, 11 (4+7) балл жинады. Сергей өз командасы қатысқан он ойынның жетеуінде нәтижелі әрекеттерімен ерекшеленді. Олардың бесеуінде батыстық команда жеңіске жетті. 89-ыншы нөмірлі ойыншының қоржынында «Арланның» қақпасына салынған дубль мен жақындағы «Теміртаумен» матчтағы жеңіс әкелген буллит бар.

Үздік шабуылшы – Евгений Лызин («Теміртау»)

Форвард айды нәтижелі өткізіп, өз қоржынын 12 (8+4) ұпаймен толтырды. Оның есебінде «Горняктың», «Снежные Барсы» мен «Ақтөбенің» қақпасына бағытталған үш дубль бар. Ол салған екі шайба Роман Козловтың ұжымына жеңіс әкелді. Көбіне сенімді ойнаған өз серкелерінің бірінің арқасында сары-қаралар бұрынғыша көшбасшылар үштігінде келеді және плей-оффқа жақсы екпінмен аяқ басқалы отыр.

Үздік жас ойыншы – Иван Зинченко («Ақтөбе»)

«Ақтөбенің» жас шабуылшысы екінші ай қатарынан меже бұзып келеді. Ақпан айында Иван 11 (5+6) ұпай жинап, бір шайбасы жеңіс әкелді. Зинченко қазіргі таңда плей-оффтан әлі де үміті бар өз командасының үздік бомбардирі болып табылады.