5–8 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында ерлер командалары арасында хоккейден Азия чемпионаты өтеді. Pro Ligasy ойыншыларынан жасақталған Қазақстан ұлттық құрамасының құрамына шолу жасаймыз. Бұл жарияланымда Өскеменнің «Торпедо» клубының хоккейшілері туралы сөз қозғаймыз.
#20 Сергей Кудрявцев, #31 Антон Осокин – қақпашылар
«Торпедоның» қақпашылар тобы ел чемпионатындағы ең сенімділердің бірі болып көрінеді. Қазан айының қорытындысы бойынша өз амплуасында үздік деп танылған Осокин бір матчта орта есеппен 1,4 шайба жіберіп, қарсыластар соққыларының 94,2%-ын қайтарады. Кудрявцевтің статистикалық көрсеткіштері сәл төмен болғанымен, Сергейдің түрлі лигаларда жинаған тәжірибесі оның басты артықшылығы саналады. Құрамда Владислав Нуректің де бар екенін ескерсек, Азия чемпионатына негізгі қақпашыны таңдау бапкерлер штабы үшін оңайға соқпайтын жағымды мәселе болары анық.
#4 Степан Александров, #22 Фёдор Хорошев, #24 Данил Бутенко – қорғаушылар
Хорошев (биылғы чемпионатта 5+14 ұпай) пен Бутенко (7+9) негізгі міндеттерін атқарумен қатар, шабуылда да жоғары нәтижелілік танытып, қара жұмыстан қашпайды. Александров шабуылға жиі қосылғанды ұнататын Хорошевтің орнын сақтандыруы әбден мүмкін. Өйткені Степан Өскемен клубының сапында дәл Фёдормен бір жұпта ойнайды.
#10 Диас Гусейнов, #15 Артур Гатиятов, #17 Саян Данияр, #23 Максим Мухаметов, #27 Дмитрий Гренц – шабуылшылар
Гатиятов – Данияр – Гусейнов үштігі бапкерлер штабына жақсы таныс. Өйткені бұл хоккейшілер өткен маусымда Константин Пушкарёв жетекшілік еткен «Номадтың» Pro Ligasy алтын медальдарын жеңіп алуына үлес қосқан болатын. Ал Мухаметов пен Гренц тәжірибесімен және ойындағы креативтілігімен ерекшеленеді. Дмитрий соңғы екі жылда ұлттық құрамаға шақырылмағанымен, әлі де қазақстандық хоккейдегі нәтижелі пас берудің үздік шеберлерінің бірі болып қала береді.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Torpedo
Nomad
Arlan
Saryarqa
Qulager