Кирилл Басов: «Хоккейде нәтижеге күнделікті еңбектің арқасында қол жеткізесің»

4 qarasha
217

Pro Ligasy-ның қыркүйек айындағы үздік қорғаушысы атанған «Арлан» ойыншысы Кирилл Басов бұл марапатқа қатысты пікір білдірді.

– Кирилл, қыркүйек айының үздік ойыншысы атануыңызбен құттықтаймыз!

– Көп рақмет! Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Ойыныңның жоғары бағаланғаны әрқашан қуантады. Мен мұз айдынында өз міндетімді барынша жақсы орындауға, сенімді ойнап, командама пайда әкелуге тырыстым. Сондықтан бұл марапат мен үшін жағымды тосынсый әрі алға ұмтылуға қосымша мотивация болды.

– Қыркүйек айы табысты өтті. Осындай жақсы ойын көрсетуге не көмектесті?

– Менің ойымша, бұған бірнеше фактор әсер етті. Олар – жаттығулардағы тынымсыз еңбек пен әр матчқа дұрыс дайындық. Мен сенімді ойнауға, дұрыс шешімдер қабылдауға және мүмкіндігінше командама шабуылда көмектесуге тырыстым. Сондай-ақ бапкерлер штабының сенімі мен командаластарыммен өзара түсіністік маңызды рөл атқарды. Хоккейде нәтижеге күнделікті еңбектің арқасында қол жеткізесің. Сондықтан мен қол жеткізген жетістіктеріммен шектелмеуге тырысамын.

– Жеке жетістіктерге жетуде команданың қолдауы қаншалықты маңызды?

– Хоккей – командалық спорт түрі. Сондықтан кез келген жетістік пен нәтиже бүкіл ұжымның еңбегімен тығыз байланысты. Бұл – командаластардың көмегі, мұз айдынындағы өзара түсіністік және бапкерлер штабының сенімі. Әр ойыншы ортақ нәтижеге өз үлесін қосады. Мен үшін ең бастысы – команданың жеңіске жетуі. Ал жеке жетістіктер – қосымша сый.

– Осы маусымда алдыңызға қандай мақсаттар қойып отырсыз?

– Басты мақсатым – тұрақты түрде жоғары деңгейде ойын көрсетіп, команданың барынша жақсы нәтижелерге қол жеткізуіне көмектесу. Әр матчта командама пайда әкеліп, ойыншы ретінде әрі қарай дамығым келеді. Әрине, мүмкіндігінше көп жеңіске жетіп, ең жоғары орындар үшін күрескіміз келеді.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.