Қыркүйектің үздік ойыншылары

1 qazan
509

Pro Ligasy-дағы алғашқы айдың қорытындысын шығарамыз.

Үздік ойыншылар ресми статистикалық деректер негізінде, әр амплуадағы ойыншылардың ойынындағы түрлі ерекшеліктерді ескере отырып таңдалды. Мәселен, біздің рейтингте қақпашылар жеңістерінің саны мен үлесі, сондай-ақ сенімділік коэффициенті және қайтарған соққыларының пайызы сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша бағаланады. Қорғаушылар мен шабуылшылардың рейтингінде олардың нәтижелілігі, пайдалылық көрсеткіші және айып минуттары негізге алынады. Командалық нәтижелер де есепке алынады. Кейбір көрсеткіштер тең болған жағдайда командасы турнир кестесінде жоғары тұрған немесе өткен айда жақсырақ нәтиже көрсеткен ойыншы үздік деп танылады.

Үздік қақпашы – Артём Шестаков («Номад»)

Шестаков қыркүйекте алты матчта мұзға шығып, олардың барлығында «Номад» жеңіске жетті. Артём орта есеппен 1,38 шайба өткізіп (барлығы 7 гол), соққылардың 93,86%-ын қайтарды. Жалпы, бұл рейтингте «көшпенділердің» бүкіл қақпашылар құрамының еңбегін лайықты бағалау қажет. Өйткені елордалық ұжым осы кезеңдегі 12 матчта тек бір рет, оның өзінде овертаймда жеңілді. Сол кездесуде шешуші шайбаны қақпашысын төртінші алаң ойыншысына ауыстырған кезде өткізіп алды.

Үздік қорғаушы – Кирилл Басов («Арлан»)

Чемпионаттың басында Басов қатарынан алты матчта нәтижелі ұпай жинады. Жалпы, өткен айда Кирилл 3 шайба соғып, 9 нәтижелі пас берді. Оның пайдалылық көрсеткіші +4, ал соққыларды голға айналдыру үлесі 12,5% болды. Сонымен қатар «Арлан» өкілі осы кезеңді бірде-бір айып минутын алмай аяқтады. Бұл – қорғаушы үшін ерекше көрсеткіш.

Үздік шабуылшы – Валерий Гурин («Горняк»)

Өткен тұрақты чемпионаттың үздік бомбардирі Валерий Гурин нәтижелі ойынын жалғастырып келеді. Қыркүйектегі 12 матчта рудныйлықтардың шабуылшысы 23 (5+18) ұпай жинап, +8 пайдалылық көрсеткішіне қол жеткізді. Оның бір шайбасы командасына жеңіс әкелді, ал соққыларды голға айналдыру үлесі 16,67%-ды құрады.

Үздік жас ойыншы (20 жасқа дейін) – Артур Глухих («Торпедо»)

Шабуылшы негізгі команда құрамында нық орнығып, чемпионаттың алғашқы кезеңін жақсы өткізді. Артурдың еншісінде 3 шайба мен 1 нәтижелі пас бар. Шайбаларының бірі командасына жеңіс әкелді. Пайдалылық көрсеткіші +4 болды. Сонымен қатар Глухих соққыларының 27,27%-ын голға айналдырды.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.