Pro Hokei Ligasy-ның кезекті маусымындағы командалардың өнеріне қорытынды жасауды бастаймыз. Бүгін әңгіме «Ертіс» туралы болмақ.
Нәтижелер
Лиганың ең жас командаларының бірі ретінде «Ертіс» бұл маусымды да негізінен қазақстандық жас ойыншыларды дамытуға арнады деп айтуға болады. Соның нәтижесінде павлодарлықтар соңғы бес жылдағы ең төмен ұпай көрсеткішін тіркеді. Тұрақты чемпионат барысында «Ертіс» ойыншылары гол соғу мүмкіндіктерін жүзеге асыруда бірнеше рет қиындыққа тап болды. Дегенмен, маусымдағы сәтсіздіктің басты себебі қорғаныс ойынындағы әлсіздік болды деуге негіз бар. Команданың пассивінде 354 шайба бар. Салыстыру үшін, турнирлік кестедегі көршісі «Ақтөбе» командасы небәрі 210 шайба жіберген.

Оқиғалар
Чемпионаттың басында қатарынан төрт жеңілістен кейін «Ертіс» Алматыға жасаған сапарында жаман өнер көрсеткен жоқ, оңтүстік астанадан 3 ұпай олжалап қайтты. Қызығы, алғашқы ойында павлодарлықтар негізгі уақыттың аяқталуына 33 секунд қалғанда жеңісті жұлып алды – шешуші шайбаны Данияр Білімбаев соқты. Ал қарымта кездесуде алаң иелері тек овертаймда ғана басым түсті. Сондай-ақ, бұл серияда «Ертістің» 5 шайбасының 3-еуі артық құраммен соғылғанын атап өткен жөн.

Көшбасшылар
Команданың үздік мергендері мен бомбардирлері Арлан Ақпырғанов (12+11, маусым соңын «Алматы» сапында өткізді) және Дмитрий Пидяшов (13+7) болды. Айта кетерлігі, тек осы екі ойыншы ғана 20 ұпай межесіне жете алды. Андрей Медведков маусымда ең көп матч өткізген ойыншы атанды (49 ойын). Қызығы, бұл маусым форвард үшін Қазақстанның ересектер чемпионатындағы алғашқы маусым болды.
Цитата
- Жалпы алғанда Павлодар облысынан шыққан 19 хоккейші маусымда ойынға тартылды. Бұл олар үшін үлкен плюс, өйткені мұндай тәжірибені басқа жерде ала қоюы екіталай. Жігіттер шыңдалып, ересектер хоккейінің қандай екенін сезінді. Өз шеберліктеріне қарай әрқайсысы қолынан не келетінін көрсете білді.
Дәл осылай өткен маусымды «Ертіс» клубының бұрынғы бас бапкері Олег Санаров сипаттады. Айта кету керек, лигада мұндай деңгейде жергілікті хоккейшілерге мүмкіндік беретін клубтар көп емес.

Қорытынды
Алайда енді павлодарлық жастардың дамуына басқа маман жауап береді. Санаров өзіне жақсы таныс «Жас Батыр» клубына қайта оралды. Ал «Ертіс» менеджментіне маусымаралық кезеңде алдымен жаңа бапкерді анықтап алу, содан кейін команданың қай ойыншылармен жолын жалғастыратынын шешу міндеті тұр. Құрамды барлық шептер бойынша күшейту қажеттігі анық. Сондықтан клубқа бұл бағытта өте ауқымды әрі жауапты жұмыс атқаруға тура келеді.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Nomad
Torpedo
Saryarqa
Arlan
Qulager