«Ертістің» бас бапкері команданың Pro Ligasy-ның кезекті маусымындағы өнерін қорытындылады.
- «Ертіс» үшін маусым қандай болды деп баға бересіз?
- Маусым ауыр өтті. Турнир кестесі тұрғысынан қарасақ, шынында да сәтсіз, жеңілістер көп болды. Бірақ біз үшін маңызды бір жайт бар — құрамымыз жас болды, негізінен өз тәрбиеленушілерімізден жасақталды. Жалпы Павлодар облысынан шыққан 19 хоккейшіге мүмкіндік берілді. Олар үшін бұл үлкен артықшылық, себебі дәл осындай деңгейдегі тәжірибені басқа жерде ала алмайды.
- Жас ойыншылардың прогресін қалай бағалайсыз?
- Біздің команда онсыз да жас, бірақ құрамда 2007–2008 жылы туған хоккейшілер де бар. Олардың прогресі анық байқалады. Өздерімен жеке сөйлесіп, қай бағытта жұмыс істеу керек, қай тұста қосу қажет екенін талқыладық.Бұл жағынан олар үлкен жауапкершілік танытты – әрдайым біз үшін де, жастар құрамасы үшін де зор ықыласпен мұз айдынына шықты. Ойын уақыты мен өткізген матчтарының саны тұрғысынан бұл олар үшін орасан зор тәжірибе болды.
- Бұл маусым командаға мінез бен менталдық төзімділік тұрғысынан не берді?
- Егер біз үнемі жеңіп жүрсек, әрине, жігіттердің эмоциялық, моральдық, физикалық тұрғыдан да серпіні басқаша болар еді. Ал жеңілістер бәрібір қысым жасайды. Біз қажетті сөздерді табуға тырыстық, мұз айдынынан тыс та үлкен жұмыс атқардық — жігіттерге психологиялық тұрғыда қолдау көрсеттік. Соған қарамастан, әр ойынға олар жауынгерлік көңіл-күймен шықты. Менің ойымша, бұл маусым оларды шыңдады. Олар ересектер хоккейінің қандай болатынын сезінді. Ешкімді жігерсіз шықты, немесе ынтасыз ойнады деп кінәлай алмаймын. Әрқайсысы өз шеберлігі жеткен деңгейде барын салып ойнады.
- Жанкүйерлердің қолдауы үйдегі және сырт алаңдағы ойындарда қандай рөл атқарды?
- Жанкүйерлер – бұл мүлде бөлек әңгіме. Ең алдымен, біздің павлодарлық жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Жеңілістерге қарамастан, олар әрдайым келіп, бізді қолдап отырды. Осындай сабырлы, хоккейді шын сүйетін жандар болғаны үшін оларға тағзым етеміз.Барлығы жеңістерді асыға күтеді, Павлодарда бәрі жақсы болғанын қалайды. Жақын арада бұл жүзеге асады деп сенемін. Клуб осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Nomad
Torpedo
Saryarqa
Arlan
Qulager