Өскеменде 2024-2025 жылғы маусымдағы Pro Ligasy-ның финалдық сериясы аяқталды.
Маңызды матчқа «Арлан» мен «Торпедо» көкшетаулық ұжымның жеңістер шеруімен жетті. Бүгін бірінші кезеңде қонақтар белсендірек болды, алайда Владислав Пестов күзеткен өскемендіктер қорғанысы мызғымады.
Екінші кезеңде есеп ұзақ уақыт бойы өзгермеді, алайда кезең соңында «көкшеліктер» өз дегеніне жетті. Владимир Маркеловтың ойыншылары дуплет жасады – Степан Санников пен Владислав Никулиннің голдарын небәрі 42 секунд ажыратты.
Соңғы кезеңде «торпедолықтар» қос артық құрам ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Шайба «Арлан» қақпасына тең құрам жағдайында ұшып кірді. Максим Базанов Ян Тютюньковтың тамаша пасын тиімді қолданды. Алайда Андрей Корабейниковтің ойыншылары ойынға толыққанды орала алмады. Қақпашыны алтыншы алаң ойыншысымен алмастыру да көмектеспеді.
«Арлан» қорғаныста мығым ойнады: Сергей Кудрявцев қақпаға бағытталған 24 соққыға тойтарыс берді. Осылайша, көкшетаулық ұжым екінші жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды.
«Торпедо» - «Арлан» 1:2 (0:0, 0:2, 1:0)
0:1 - 38:17 - Санников (Преснов)
0:2 - 38:59 - Никулин (Волков, Буйван)
1:2 - 51:37 - Базанов (Панченко, Тютюньков)
Қақпашылар: Пестов - Кудрявцев
«Арлан» - «Торпедо» сериясындағы есеп: 4-0 (9:2, 6:3, 3:2, 2:1)
Чемпион мен күміс жүлдегерді марапаттау салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Сәкен Мұсайбеков, Шығыс Қазақстан облысы облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков, «Қазмырыш» ЖШС әкімшілік мәселелері бойынша басқарушы директоры Андрей Лазарев және Қазақстан хоккей федерациясының спорт директоры Алексей Мамонтов қатысты.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.