«Құлагердің» бас бапкері Александр Истомин клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында маусымды қорытындылады. Еске сала кетейік, команда тұрақты чемпионатта оныншы орынды иеленіп, плей-оффқа өте алмады.
- Александр Анатольевич, маусымның қорытындысымен бөліссеңіз.
- Маусымның нәтижесі толықтай қанағаттандырмайды. Себебін талдап-талқыладық, қорытынды жасадық. Алға қарай жылжу керек. Соңғы ойын туралы айтқым келмейді. Жақсы да, жаман да ойындар болады. Жалпы алғанда, мұндай қателер қайталанбауы үшін және нәтиже мүлдем басқа болуы үшін барлығын жасау керек. Алға мақсаттар қойылды.
- Қазіргі күйден клубты басқарудың орнықты үлгісіне өтіп, жеңістерге жету үшін қанша уақыт қажет деп ойлайсыз?
- Мұнда бірінші кезекте төзім болуы керек, бұл ұзақ жүретін жұмыс. Өкінішке орай, бір немесе екі маусым ішінде жүйе орнайды деп өз-өзіңді алдаудың қажеті жоқ. Бұл уақыттың еншісінде. Бұл жерде қандай да бір нақты болжам жоқ. Не істеу керектігі түсінікті, алайда оларды жүзеге асыру үшін клубта үлкен жұмыс жасалуы керек. Командада ниеттес адамдар болуы керек. Бірінші кезекте, нәтижеге және алға қойылған міндеттерге ұмтылатын адамдар болуы керек. Менің пікірім – өкінішке орай, жұдырықтай жұмылған ұжым болмады.
- Бұл маусымда көңіл көншіткен сәттер болды ма?
- Әрине, бар. Олар – жанкүйерлер, қала, мұз сарайы, команданы қолдаған адамдар. Барлығы нәтиже күтетіні түсінікті. Нәтиженің жоқтығы да нәтиже. Бұл қазір біз жоғарыға қарай ұмтылатын бастау нүктесі. Сондықтан... күн жарқырап тұр, көктем келді. Өмір жалғасып жатыр. Бастысы, барлығы аман-есен. Біз қазір болашақты, алдағы міндеттерді талқылап жатырмыз. Бұл маңызды деп санаймын.
- Жанкүйерлер жиі командадан көңілі қалып, теріс айналатын кездерді жиі көреміз. Биылғы маусымда жанкүйерлер командамен соңына дейін болды. Петропавлдық трибуналар қалай сізге?
- Команданы қолдаған адамдарға алғысым шексіз. Олар хоккейге шөліркеген халық. Әрине, команда жеңген, нәтиже көрсеткен кездерде басқаша болды. Өкінішке орай, ол он жылға жуық уақыт бұрын болды: ойыншыларымен, штабымен дайын команда келді. Сол кезде «Арыстан» командасы жабылып, Петропавлға ойысты. Әрине, жанкүйерлер дәл сондай жеңістер, жағымды эмоциялар күтеді. Сондықтан жанкүйерлердің алдында бас иеміз.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.