Маусымға бет алдық. «Торпедо»

21 qyrkúıek
1248

ҚХФ баспасөз қызметі PRO HOKEI LIGASY-ның алдағы маусымының қатысушыларымен таныстыруды жалғастырады. Бүгін чемпионадық үшін күрестің басты фавориттерінің бірі – өскемендік «Торпедо» жөнінде сөз қозғамақпыз.

Өткен маусым

Соңғы он жылда өскемендік басты команда ресейлік Жоғарғы хоккей лигасында өнер көрсетіп келді. Өткен маусымда ұжым 2-ші конференцияның Кубок үшін таласатын сегіздігіне ене алды. Алайда бірінші раундта-ақ торпедолықтар тұрақты чемпионаттың жеңімпазы «Звездамен» кездесіп, бес матчта Петров кубогына кезекті жорығын аяқтады.

Бас бапкер

Олег Болякин «Торпедоның» бас бапкерлігіне оралды

Маусым айының ортасында «Торпедоның» бас бапкері ретінде өскемендік хоккейсүйер қауымға жақсы таныс Олег Болякин тағайындалды. Ол командаға 2010 мен 2012 жылдар аралығында жетекшілік еткен болатын. Өткен маусымда Олег Владимирович «Алтай» жастар командасын басқарды. Өскемендік клубтан басқа маман сонымен қатар «Сарыарқада», «Алматыда», «Бейбарыста», «Ермакта» жұмыс жасады.

Ауысулар

Торпедолықтар үшін осы маусымаралықта Евгений Рымаревтің кетуі үлкен шығын болды. Команданың көпжылдық көшбасшысы және көптеген рекордтардың иегері өз мансап жолын «Юграда» жалғастыруға бел буды. Сонымен қатар командадан новокузнецктік «Металлургқа» өткен өткен маусымның үшінші бомбардирі Александр Тарасов және енді «Ермакта» ойнайтын тәжірибелі орталық шабуылшы Денис Игнашин кетті.

Ұтымды өзгерістерден шабуылшы Александр Мерескин мен қорғаушы Александр Угольниковтің келуін атауға болады. Қос спортшы да өткен маусымда ҚХЛ-да «Адмиралдың» намысын қорғады. Қорғаныс шебін тәжірибелі Александр Юксеев толықтырды.

№49 аңыз ойыншы — Александр Шин

Көшбасшы

Рымарев кеткелі көшбасшылықтың қамытын тағы бір жергілікті аңыз ойыншы Александр Шин киюі тиіс. Олег Болякин өз сұхбатында командасының 49-шы нөмірлі ойыншысын дәл осылай атады. Шин бірнеше жылды есепке алмасақ, өзінің тұтас мансап жолын туған клубында өткізді және бүкіл жүйе мен талаптарды одан артық ешкім білмейді. Оның үстіне, Александр мұздағы нәтижелі қимылдарымен пайда әкеліп қана қоймай, алаңнан тыс ойыншылардың жауынгерлік рухын күшейтіп, мінезін қайрай біледі.

Не күтеміз

«Торпедоның» іріктеушілері команданы ЖХЛ-дың кезекті маусымына шақтап жинады. Ойыншылардың 90 пайызы Қазақстан чемпионатында ойнауға өз келісімін берді. Сондықтан ішкі біріншіліктің өлшемі бойынша өскемендіктер мықты құрамға ие және тек медальдар үшін, сондай-ақ бірінші орын үшін күресте басты фавориттердің бірі болып табылады.