Желтоқсан айының үздік ойыншылары

2 qańtar
1392

Жаңа 2021 жылдың екінші күні Pro Ligasy-ның өткен кезеңін қорытындылаймыз. Назарларыңызға Қазақстан чемпионатының желтоқсандағы үздік ойыншыларын ұсынамыз.

Үздік қақпашы – Андрей Шутов ("Торпедо")

Желтоқсанда өскемендік команданың голкипері тамаша нәтиже көрсетті. Ол жеті кездесуде алаңға шығып, бес рет жеңіске жетті және өз қоржынына бір құрғақ матчты жазды. Қуантарлығы, өткен матчтардың барлығында Андрей бір шайбадан артық өткізбеді (желтоқсан айында олардың барлық саны алтау болды). Тойтарыс берілген соққылардың пайызы – 96,7, сенімділік коэффициенті – 0,87. Орта есеппен Шутов әрбір ойында шамамен 27 соққыға тойтарыс беріп отырған. Мұндай көрсеткіштер оны өткен айда лиганың ең сенімді қақпашысы қылып, «Торпедоға» көшбасшы үштіктегі орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Үздік қорғаушы – Мадияр Ибрайбеков ("Номад")

«Номадтың» капитаны өз бабында екені анық, дәл қазір өз мансап жолындағы ең үздік маусымды өткізуде. Қазіргі таңда лиганың ең нәтижелі қорғаушысы болып отыр. Желтоқсанда Мадияр тоғыз матч бойы ұпай жинады, осы уақыт ішінде ол 12 (2+10) балға қол жеткізді. Алайда ең бастысы капитанның жетістігі тікелей команданың нәтижесінен көрініс тапты. «Номад» он матчтың тоғызында жеңіске жетіп, қазіргі таңда Pro Ligasy-нда бірінші орынды иеленіп келеді.

Үздік шабуылшы – Владислав Никулин ("Сарыарқа")

Өзін жақсылап қолға алған тағы бір адам. Соңғы бірнеше маусымда оның асығы алшысынан түсе қоймады. Алайда дәл қазір ол «Сарыарқаның» көшін бастаған ойыншылардың бірі және чемпионаттың ең нәтижелі ойыншыларының бестігіне кіреді. Дәл желтоқсан айы Никулин үшін серпілісті ай болды. Осы кезеңде ол тоғыз кездесу бойынша ұпай жинап (барлығы 16 балл, 7+9), төрт матч бойы шайба салып, бір рет дубль жасады. «Сарыарқаның» өзі үшін де өткен ай табысты болды және қарағандылық ұжым чемпионат сәтсіз басталғанымен, біртіндеп көштің басына ойысып, 2020 жылды үшінші орынмен аяқтады.

Үздік жас ойыншы – Аңсар Шайхмедденов ("Снежные Барсы")

Жастығына қарамастан, ол айтарлықтай «піскен» ойын көрсетіп келеді және биылғы маусымда өз командасының көшбасшыларының бірі болып табылады. Желтоқсан айында Аңсар үш шайба салып, бір нәтижелі пас берді. Шайхмедденов шайба салған барлық үш ойында «Снежные Барсы» ұпай жинағанын айтып өту қажет. Тағы бір маңызды жайт – көптеген матчтарда хоккейші тек өзінің шабуылдаушы қызметін атқарып қана қоймай, қорғаушының да қызметін орындап отырды.